Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуді тапсырды. Еске салайық, биылғы Елбасы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды.
Мемлекет басшысының Жолдауында Индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс екені аталып өтілген. «2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.... Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек», - делінген Елбасы Жолдауында.
Сондай-ақ, ҚР Президенті еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек екендігін атап өтті. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келе жатқанын айтты.
«Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс. «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет. Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады» делінген Жолдауда.