Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауы Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуына арналады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаев республикалық телеарналар эфиріндегі мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды», - деді Президент өз мәлімдемесінде.
Телеарна эфиріндегі мәлімдемеде Мемлекет басшысы адамзат баласының жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқанын және заманауи технологиялардың әлемді өзгертіп жатқанын атап өтті.
«Жаһандық технологиялық өзгерістерге жаңа сын-қатерлермен қатар өсуге арналған жаңа мүмкіндіктер де тән. Бұл - әлемнің дамыған 30 елінің қатарына жеделдетіп енуімізге арналған тарихи мүмкіндігіміз. Ертең менің Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауым жарияланады. Жолдау еліміздің Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуына арналып отыр», - деді Елбасы.