«Өркениетке бастайтын жол салық төлемдерінің түбіртектерінен төселеді» депті еуропалық экономистердің бірі. Бүгінде салық халық пен мемлекет өмірінің барлық саласымен біте қайнасып кеткені рас.
Жаңа басталған жылдағы маңызды өзгерістердің бірі де осы мәселеге қатысты болып отыр. 2017 жылғы 25 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне қол қойды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры Қайрат Жұлмұхамбетовтің айтуынша, салықты әкімшілендіру ісі негізінен мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды барынша ыңғайлы етуді көздейді.
Жаңа Салық кодексі бойынша мемлекеттік кіріс органдары тарапынан салық төлеушілерді бақылау жұмыстары барынша азайтылды. Бұл әсіресе, тәуекелі төмен салық төлеушілерге қатысты. Салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар легі қабылданды. Ондағы басты мақсат – адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау. Яғни төлемге қатысты барлық түсініксіз, даулы жағдайлардың барлығын ендігі уақытта салық төлеушінің пайдасына шешетін тетіктер көбейтілді.
– Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қолданыстағы арнайы салық режімдерін сақтаумен қатар, жаңа тиянақталған шегерім режімі енгізілді. Кірістің шекті мөлшері бойынша жылына 300 миллион теңгеге және жалдамалы жұмысшылар санын 50 адамға дейін қолдану критерийлері кеңейтілді. Жеке кәсіпкерлер үшін 10 пайыз, заңды тұлғалар үшін 20 пайыз мөлшерлемемен шығыстар сомасына азайтылған кіріс түріндегі салық енігізілді, – дейді Қайрат Жұлмұхамбетов.
Сонымен қатар шағын бизнестің ауыртпалығын көтермеу мақсатында қосылған құн салығының қолданыстағы көрсеткіші, яғни 30 айлық есептік көрсеткіш сомасы бұрынғысынша қалады. 2019 жылдан бастап ел ішінде тауар алуға байланысты ерікті негізде қосылған құн салығы бақылау шотын енгізу арқылы дебеттік айырма қайтару тетіктері қарастырылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, электронды сатулардан түскен табыстар корпоративтік табыс салығынан және жеке кіріс салығынан босатылған.
Жаңа Салық кодексінде көрсетілгендей, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар корпоративтік табыс салығының үлес пайдасынан және артық жұмыс атқару көрсеткіштеріндегі құнның өсуінен босатылғанын айта кету керек. Ондай компаниялар кен орнын шолуға қажетті шығындарды өндіру жұмыстары басталғаннан кейінгі басқа келісім аясында өтеуге құқылы. Теңіздердегі және тереңде орналасқан мұнай-газ кеніштерін пайдалануға қатысты балама салық түрі енгізілген. Көмір өндіруге қатысты экспортқа үстеме пайдаға салынатын рента салығын ауыртпалық салығына ауыстыру алынып тасталды.
Өндірілген пайдалы қазбаларға тиісті төлем 6 пайыздан 3 пайызға төмендетіліп отыр. Салық төлеу тәртібін арттыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізілді. Яғни салық төлеушілердің әртүрлі санаттарына салықтық әкімшілендіруінің түрлі тәсілдері қолданылады. «Жасыл топ» аталатын бірінші санатқа тәуекел дәрежесі төмен салық төлеушілер жататын болады. Оларға тексерулер жүргізілмейді, есеп тапсыру, берешекті төлеу мерзімдерін өзгерту түріндегі босаңсыту, көлбеу мониторинг жүргізуге қатысу мүмкіндігі және тағы басқалар қаралатын болады.
Тәуекел дәрежесі орташа топқа әкімшілендірудің орташа тетіктері қолданылады, хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағдайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады. «Қызыл аймаққа» тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Оларға ерекше назар аударылады және салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда кіріс органдары жедел әрекет ететін болады.
Жалпы, жаңа Салық кодексі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін, яғни салық және бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу мақсатында әзірленді. Құжат жеке және заңды тұлғаларға қатысты салық заңнамасын барынша жеңілдетуге, атап айтқанда, әкімшілік тетіктерін жетілдіруге, кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға бағытталып отыр.