Жұртшылықпен жүздесті

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Арал ауданында ерекше жүздесу өткізілді. 
Теңіз төскейіне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Геннадий Шиповских, Ерман Мұхтарды Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мадинов бастаған ел азаматтары күтіп алды.
Халық қалаулылары өздерінің өңірдегі сапарларын «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС -нің тыныс – тіршілігімен танысудан бастады. Айдыны қайта оралған аймақ тұрғындарының тұрмыс – тіршілігі балық шаруашылығы саласымен тығыз байланысты екені әмбеге аян. Балық өңлеу зауытында атқарылып жатқан ілкімді істерге сәттілік тілеген Парламент депутаттары «Ер –Арай» сауда орталығына аялдады.
Елімізде шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіпкерлік нысандарын қолдауды, Мемлекет қамқорлығын жете сезініп жүрген жандардың бірі кәсіпкерлер қауымы десек артық емес. Ірі қалалар ғана емес шалғай ауыл, аудандардың өзінде небір ауқымы кең кәсіпкерлік нысандардың салынуы сөзіміздің жарқын көрінісі.
«Ер –Арай» сауда орталығы да тұтынушы талғамынан табылып, уақыт үддесінен шығып жүрген нысандардың бірі. Сауда орталығының құрылысы өткен жылдың қарашасында пайалануға берілген еді. Жобалық құны 110,0 млн. тенгені құрайтын сауда орталығын жеке кәсіпкер Б. Жандәулетов өз мүмкіндігімен іске асырған - ды. «Ер-Ай» сауда орталығында 70 орындық сауда қатары, әкімшілік бөлмесі, ет өнімдерін сату орны, асхана, зертхана, азық – түлікті сақтау мен босату қоймасы орналасқан. Оған қоса Б.Жандаулетов Қостанайдағы өнім шығарушы компаниялармен келісімге отырып, шұжық, жұмыртқа, ұн, ұн өнімдерін тікелей яғни делдалсыз жеткізуде.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелінген күнбағыс майы, жуа, қырыққабат басқа да азық-түлік нарықтағы бағадан төменгі бағада аудан тұрғындарына сатылуда. Сауда орталығында орналасқан кәсіпкерлерге алғашқы екі айға сауда қатарлары жалдама ақысыз тегін берілуде. Осындай жағымды жаңалықтарға мұқият зер салған Парламент депутаттары мұндағы игілікті істерге ризашылық танытты.
«Аралтұз» а/қы тұз қазу, оны өндеу саласы бойынша еліміздегі ең iрi кәсiпорын. Ғасырға жуық тарихы бар акционерлік қоғам иодталған ас тұзын шығарудың негiзгi өндiрушiсi болып табылады. Біршама уақыт бұрын «Аралтұз» зауыты тарихында алғаш рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске “тұзды екiншi рет байыту” технологиясы енгiзiлді. Қазіргі сәтте тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру шаралары талапқа сай, жоғары деңгейде жүзеге асуда. Жаңа инвестордың келуі «Аралтұз» а/қының өміріне соны серпін әкелді.
«Ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске қосылды. Жобаға екі жарым миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған қондырғылардың көшбасшысы есептелетін Испаниянияның «Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.» компаниясының құрал-жабдықтары алынды. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың. тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туындады. Бүгінгі таңда «Аралтұзда» көптеген адам еңбек етеді.
Алдағы уақытта акционерлік қоғам химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. «Аралтұз» акционерлік қоғамында болып ұжым мүшелірімен емен – жарқын пікірлескен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары көпшіліктің көкейінде жүрген ойлары, ұсыныс – пікірлерімен бөлісті.
Түс ауа Рәміздер алаңымен танысқан Мәжіліс депутаттары танымал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық үйіне аялдады. Өткен жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Арал қаласынан ашылған осынау орын қазір халықтың рухани қазынасына айналды. Үй мұражай алаңында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған композициялық ескерткіш белгісі, Мұражай бөлмелерінде жазушының шығармалары және жазушылар, қоғам қайраткерлері, отбасымен түскен суреттері, Башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің сыйға берген шапаны қойылған. Халқы қастерлеген танымал тұлғаның шығармашылық үйіндегі рухани қазынамен тыныстаған халық қалаулылары білімдінің жүзі жарқын боларын, ілім – ғылымның адамзатты адастырмас темірқазығы екендігіне тоқталды.
Бірқатар нысандарды аралаған Парламент Мәжілісінің депутаттары аудан активімен жүздесті. Кездесуді Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, жүргізіп отырды. Мұнан соң Мәжіліс депутаттарына сөз кезегі берілді. Бақтықожа Ізмұхамбетов және басқа да депутаттар Парламент қабырғасында атқарылып жатқан басты жұмыстарды, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын жобалар төңірегінде, Елбасымыздың дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауынан туындайтын шараларды кеңінен насихаттау тұрғысын әңгімелесе, Геннадий Шиповских латын әліпбиіне оралу тұрғысында тұшымды пікірін жеткізді.
Айта кетерлігі, Мәжіліс депутаттары Арал ауданының даму көрсеткіштеріне жоғары бағаларын берді. Жиын барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар жолданып, тиісті жауаптар берілді. Аудандық мәслихат депутаты Қазыбек Аяпов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарақұм еліне темір жол келгендігін айтып, вокзал мәселесін көтерді. Оған қоса «Самара-Шымкент», «Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы жолды салуға қаржы бөлінуін сұрады.
Ардагер Ахметолла Үмбетов болса Уақыт белдемесін қайта өзгертуді, «Тальго-Тұлпар» жүрдек пойызын Арал қаласына аялдауына ықпал етуді өтініп, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықбаев өңірдің қарқында дамуы, «ЭКСПО-2017» көрмесі жайында, Нұралы Оспанов пен Әнес Әуезов аудандағы, еліміздегі оң өзгерістерге ризашылықтарын білдірді.

Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2018 г. 682 0