Осыдан біршама уақыт бұрын облыстық филармония жанынан қуыршақ театры жұмысын бастаған болатын. Театр аз уақыт ішінде көрермен көзайымына айналды. Осы орайда біз өнер ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған мақсаты жайында білген едік. Алғаш қуыршақ театрының шымылдығы Григорий Остердің «Мазасыз тиін» атты қойылымымен түрілді. Спектакль желісінде жан-жануарлар образы арқылы достық пен қамқорлық дәріптеледі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет және әлсізге көмек көрсету сынды адами құнды қасиеттер бейнеленді. Өнер ұжымының қойылымы тегін көрсетілді. Қызықты ертегі кейіпкерлерімен қауышқан балаларға бұл тамаша тарту болды. Театр жетекшісі Эрнест Машрапов, ал, режиссері Ерғазы Әбжалиев. Әртістердің барлығы арнайы көркемдік іріктеу байқауынан өткен жергілікті жас өнерпаздар. Атап айтар болсақ, Марал Оразалиева, Қайрат Әбжалиев, Назерке Ибраева, Назерке Қали және Мұхаммед Әлиханов сынды жалынды өнерпаздар өнер көрсетіп келеді.
– Бастапқыда қуыршақ театрын ашу бізге оңай соққан жоқ. Филармония басшысы Талғат Мақашов бізге сенім білдірді. Ісімізді қолдады. Іріктеуден өткен жастармен бар күш-жігерімізді салып жұмыс жасадық. Олар студент болды. Сондықтан, барлығын басынан бастадық. Біз жастарды таңдағанда, ең бірінші, мимикасына аса мән бердік. Әртістер сахнада қойылым қойғанда балалар олармен бірге ертегілер еліне саяхат жасап, керемет әсер алуы керек. Сонымен бірге сахна мәдениетін, тілі мен көркемділігін барынша ұғындыруға тырыстық. Қазір жаман емес. Жастар біраз тәжірибе жинақтады. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жақында біздің облыста қуыршақ театрларының байқауы өтпек. Соған үлкен дайындық үстіндеміз, – деді театр жетекшісі.
Жалпы, қазақ жеріндегі қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Ертеден келе жатқан «Ортеке» ойыны – осының дәлелі. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсінін сылдырмақтап жіп тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билейтін болған. Тартылған күй ырғағына қарай «Ортеке» ойынын көрсеткен. Міне, бұл алғашқы қуыршақ театрының пайда болуы. Уақыт өте келе, еліміздің әрбір облыс орталықтарында қуыршақ театры ашылып, жұмысын бастады. Нәтижесінде балалардың қуанышы еселенді. Жылда елімізде, халықаралық және республикалық қуыршақ театрының фестивальдары өтіп тұрады. Мұндай додаларда өнер ұжымдары бір-бірімен тәжірибе алмасады, бірігіп жұмыс жасауға жол ашады.
Расында, баланың көзіндегі қуанышты көру – бақыт. Орыс жазушысы Лев Толстой «Адам жеті жыл өмір сүреді. Қалған уақыттың бәрінде сол балалық шағын іздеп жүреді» деген. Баланың бойына сүйіспеншілік пен мейірімділікті ұялататын қойылымдар арқылы мәдениетке, өнерге, салт-дәстүрге баулиды. Аз уақыт ішінде театр біршама жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде өнер ұжымы «Мазасыз тиін» атты қойылымды қазақ және орыс тілдерінде сахналады. Оны көрермендер жоғары бағалады. Осы еңбектің арқасында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Алғыс хатын иеленді. Байқоңыр қаласы мен аудандарда да болып, өнер көрсетіп келеді. Қала орталығындағы балабақшалар үнемі байланыста болып, ертеңгілік пен мерекелік кештерге арнайы шақырады.
Жақында қуыршақ театрының қоржыны тағы бір туындымен толықты. Ол – «Балапан қаз». Ертегіні дайындау кезінде режиссер мен жетекші бірігіп, 8 қазақша, 8 орысша ән жазылды. Нәтижесінде әртістер ертегіні жоғары деңгейде алып шықты. Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұсыныс түсіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дұрыс тамақтануға байланысты қойылым қойды. Театр жетекшісінің айтуынша, музыкалық сахна ішінде өмір сүріп жатқан тіршілікті шынайы жеткізу, дала даусы арқылы әрлеп, ертегіні жанды етіп шығару үлкен еңбекті талап ететін жұмыс екен. Эрнест қазіргі таңда қуыршақ театрын одан әрі дамыту үшін жан-жақты ізденіс үстінде. Алматы, Қарағанды секілді қуыршақ театры жақсы өркендеген қалаларда болды. Олардың жасап жатқан дүниелерімен танысты. «Қарағанды қуыршақ театрында болғанда таңғалысымды жасыра алмадым. Театрға жеке ғимарат берілген. Нысан заман талабына сай жасақталған. Бала жасына қарай түрлі залдар бар. Әртістері де мықты» дегенді алға тартты ол. Өз ойын одан әрі жалғаған театр жетекшісі Қазақстанда балалар драматургиясы жақсы дамымағанын, сондықтан балаларға арналған қойылымдар аз екенін де айтты. Сонымен бірге балаларға арналған әндердің де көп еместігін жеткізді.
Қазіргі кезде балалардың талғамы жоғары. Сондықтан, қуыршақ театрының ұжымы заман талабына сай 3D көркемдік жүйесін енгізбек. Мұнда құстар, көбелектер мен өзге де жәндіктер нағыз шынайы бейнеге айналады. Бұл балалардың қуыршақ театрына деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
Енді бір мәселе бар. Қуыршақ театрының қойылымын тамашалауға мектеп оқушылары да көрермен қатарынан табылса. Өйткені, қазақ өнері өсу керек. Елді танытатын өнер мен мәдениет болса, оны бала жастан санаға сіңіріп өсу бәрінен маңызды. Сондықтан балалар, сіздерді қуыршақ театры асыға күтеді. Барыңыз, көріңіз. Бір сәт виртуалды әлемнің шырмауынан құтылып, шынайы әлемге жол тартыңыз.
Сара АДАЙБАЕВА.
«Сыр бойы».