2018 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНДА ӨСІМ ЖАЛҒАСАДЫ

Қазақстанда алдын ала деректер бойынша 2017 жыл экономикасы күткендегіден біршама оң сипатта қорытындыланып отыр. Инфляция белгіленген дәлізде 7 пайыз, ішкі жалпы өнім өсімі 4,2 пайыз деңгейінде қалыптасатын сыңайлы.
2017 жылдың 30 қарашасында Австрия астанасы Вена қаласында ОПЕК (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) және оған кірмейтін ірі мұнай өндіруші елдер өкілдері бас қосып, 2018 жылдың міндет-межелерін бекіткен еді. Өзара мәмілеге келген елдер 2018 жылдың соңына дейін бүгінге дейін қысқартылып келген мұнай көлемін сақтауға уағдаласты. Әсіресе бұл тұрғыда Ресей мен Сауд
Арабиясының ұстанымдары бір арнада тоғысып отыр. Себебі бұл мемлекеттердің бюджеті негізінен мұнай бағасына тәуелді болғандықтан шикізат бағасының жоғары болғаны оларға тиімді.
Әлбетте, бұл шешімнің Қазақстанға да қолайлы тұсын атап өтпеске болмайды. Сайып келгенде, мұнай бағасы 2017 жылдың өн бойында өсіп отырды. Тиісінше, осыған сәйкес ішкі жалпы өнім өсті.
Сарапшылардың болжамынша, 2018 жыл экономикалық тұрғыдан алғанда Ресейге де, Қазақстанға да тиімді болмақ. 2018 жылдың өн бойында мұнай бағасы барреліне 70 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Егер Қазақстан бюджеті 2017 жылы мұнайдың бағасы 45 долларға негізделіп алынғанын ескерсек, қосымша табыс көзінің пайда болатынына толық негіз бар. Бұл бір жағынан Қазақстанның сыртқы қарызды өтеуге байланысты қордаланып қалған проблемаларын шешуге де оң ықпалын тигізетін болады.
Қазір елімізде екінші дәрежедегі банктерде біршама проблемалар қалыптасып отыр. Несиені өтеу күрделі түйінге айналды.
2018 жылы сонымен қатар, АҚШ-тың Федералды қор жүйесі қаржы-кредиттік саясатты күшейтеді деп болжануда.
Бүгінде ресей рублі, бразилия реалы және аз мөлшерде оңтүстікафрикалық рэнд дамушы елдерде ең табысты валюталар болып отыр. Дамыған елдердің қор нарығында жапон акциялары назар аудартады. Жапондық иена барлық әлемдік қор валюталарының ішінде ең көп табысқа ие болды.
Жеке салаларды қарастыратын болсақ, барлық аталған мемлекеттердің ішінде ең табысты әрі өтімді акциялар қаржы-банктік секторлар болып табылады. Сарапшылар бұл орайда Ресейде «Сбербанк» пен Мәскеу биржасының акцияларын ұсынады. Мұнай ба-ғасы өсіп жатқандықтан, мұнай-газ активтері көп қызығушылық тудыратын болады. Осы жылғы Ресейдің фавориті – «Газпром». 2016 жылы Еуропада табыстың және сұраныстың азаюы салдарынан «Газпром» акцияларының құны төмендеді. 2017-2018 жылдары газға сұраныстың орны толықтырылып, «Газпром» акциялары алдыңғы қатарға шығады деп күтіліп отыр.
Қазақстанда мұндай активтің рөлін «ҚазМұнайГаз» атқарады. Сонымен қатар, инвесторлар Ресей, Бразилия, Оңтүстік Африка республикасы, Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттердің тау-кен және металлургиялық секторларының акцияларына назар аудара бастады.
Қазақстанда 2018 жылы ішкі инвестиция есебінен жұмыс орындарын ашу, атап айтқанда, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлу, оның ішінде елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларына айрықша мән берілетін болады.

«СБ» экономика.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2018 г. 542 0