Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, онда төрт мәселе қаралды.
Аймақ басшысы мәжілісті М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің жаңа басшысын таныстырудан бастады.
– Облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Бақытжан Сайлыбаев М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры лауазымына тағайындалды. Бақытжан Әбдіқалықұлы білім саласында басшылық қызметте жүргенінде ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен, дұрыс шешім қабылдай алуымен ерекшеленді. Өңірдің білім саласын дамытуға барлық күш-жігерін жұмсады. Оның тікелей бастамасымен соңғы жылдарда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен орташа білім көрсеткіш 81,7 балды құрап, облыс республикада он үшінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Қазіргі таңда республика бойынша соңғы үш жылда орташа балл бойынша алғашқы бестіктің қатарында көрінді,– деген облыс әкімі Бақытжан Әбдіқалықұлына жаңа қызметінде сәттілік тілеп, Алғыс хат және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Бақытжан Сайлыбаев өзіне көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, жаңа қызметте аянбай еңбек етуге сөз берді.
Онан соң күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Алғаш болып облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетовтің хабарламасы тыңдалды. Басқарма басшысы Сырдария өзенінде су тасқынының алдын алу шаралары туралы баяндады.