ӨҢІРДІҢ ӨРЛЕУ ЖОЛЫ

Жаңа жылға аяқ басқан кезде өткен жыл қалай аяқталғанына есеп беріп жатамыз. 2017 жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де өміршең өзгерістерге толы, берекелі де жемісті, жетістіктері мол мерейлі жыл болды.
Аймақтың 2017 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәліметтерге сүйенсек, осы кезең аралығында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 695,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалады. Жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі және мұнай өңдеу өнімдерін өндірудің ұлғаюы есебінен өңдеу өнеркәсібі 5,4 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 98,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 2017 жылы жалпы құны 37,6 млрд теңгені құрайтын, 284 жұмыс орны құрылатын 2 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Оның бірі – «Orda Glas ltd» ЖШС-ның «Табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы. Жоба құны 36,7 млрд теңгені құрайды. Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна шыны табақша шығаруға есептелген. Бұл мақсатта 50 гектар жер табысталып, 200-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
«Тримо» ЖШС қуаттылығы жылына 500 тонна екіокись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастырумен айналысуда. Мұны екінші жоба ретінде атап өтуге болады.
Аймағымызда құрылыс жұмыста-рының да қарқын алғаны белгілі. Соңғы бес жылда облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есе артқан. Соңғы 4 жылда Қызылорда қаласы бойынша 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам жерлесіміз жаңа баспанаға ие болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 189,9 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 62,9 млрд теңгеге жетті. Есепті кезеңде 555,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 82,8 млрд теңгені құраған.
Сыр өңірінің барлық аймағы тас жол мен темір жолдың бойында орналасқан. Облысымыздың қай ауданына барсаңыз да осы жолдарды пайдалана аласыз. Бұл жерде Қызылорда облысының логистикалық мүмкіндігі жоғары екенін атап өту қажет. Облыстың өне бойынан Сырдария өзені өтеді. Аймақ аудандары темір жолдың бойында, орналасқан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымы осы өңірде орналасқан. Оның үстіне «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры да, тауарларды Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы да аймақ территориясы арқылы өтеді. Өңір елді мекендерінің 85 пайызы осы транспорттық инфрақұрылымдардың маңында орналасқан. Ол жерлерде облыс халқының 93 пайызы тұрады.
Жұмыссыздықты шешу – өзекті мәселенің бірі. Өткен жылдың 11 айында 21635 адам жұмыспен қамтылды. Оның 12539-ы тұрақты жұмысқа орналасса, жергілікті бюджет есебінен төленетін қоғамдық жұмыстарға 6249 адам тартылған. Ал, 1726 жас тәжірбиеден өтсе, әлеуметтік жұмысқа 1121 адам жіберілді. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында 12496 жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бюджетке салық және басқа да міндетті төлемдерден 94 076 млн теңге түсім түсті.
Жалпы, өңір экономикасының дамуына индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы тың серпін берді. Бағдарлама аясында аймақта 20 жоба жүзеге асса, оның ішінде облыс елді мекендерін газдандыру жұмысы да бар екенін айта кеткен абзал. «Қараөзек» газ-компрессорлық станциясы іске қосылды. Ол еліміздің солтүстік аймақтары мен Астанадағы газ құрылысы жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорынның өнімі Жапонияға экспортталады деп күтілуде. Осы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығару көзделген. Сондай-ақ, биыл құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да іске қосу жоспарланған. Британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс істелуде. Ал, газ поршеньді электр станциясының іске қосылуы электрмен қамтамасыз етуді жақсартып, аймақта өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электрстанциясының құрылысы басталды. Келер жылдан бастап тау-
кен байыту комбинаты 2 млн тонна, ал, 2020 жылға қарай 4 млн тонна кен өңдейтін болады.
Назарға алған кәсіпорындардың барлығының да экспорттық әлеуеті жоғары екенін және жаңа технологиялар енгізілгенін айтып өткен жөн. Бұл жұмыстар Сыр елінің әлеуетін көтеруге, аймақ экономикасын дамытуға бағытталған. Бұдан жүйелі жұмыстың нәтиже беретінін аңғаруға болады.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2018 г. 501 0