Трамп шетелдік көшбасшылар арасында бірінші рет Қазақстан Президентін Ақ үйде қарсы алады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасайтын ресми сапары барысында Дональд Трампен кездеседі. Бұдан бөлек, Елбасы қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингке қатысады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қариннің ойынша, Қазақстан мен АҚШ-тың президенттері алдымен Ауғанстан мәселесін талқылайды.
«Америка Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына үлкен мән беріп отыр. Себебі АҚШ жақын арада Ауғанстанға қатысты жаңа стратегияны әзірлейміз деп мәлімдеген болатын. Алайда оны әлі таныстырған жоқ. Меніңше, екі ел басшылары кездескенде Ауғанстан стратегиясына баса назар аударатын болады», - деді Е.Қарин бүгін Астанада журналистерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ғана емес, аталған ұйымның бірқатар комитеттеріне де жетекшілік етеді. Соның ішінде Ауғанстан мен Талибан жөніндегі комитет те бар. Сол себепті Назарбаев пен Трамптың келіссөздері кезінде Ауғанстан мәселесіне баса назар аударылады. «Президентіміздің АҚШ-қа жасайтын сапары - маңызды оқиға. Негізі, Дональд Трамп шетелдік көшбасшылардың ішінде Қазақстанның президентін бірінші болып Ақ үйде қарсы алады. Жалпы, алдағы сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын ғана емес, АҚШ пен Орталық Азияның әріптестігін де, АҚШ-тың осы аймақтағы рөлін де анықтайды», - деп атап көрсетті Е.Қарин.
Саясаттанушының айтуынша, бүгінде әлем қауымдастығы Қазақстанды ядролық қарусыздандырудың көшбасшысы ретінде жақсы біледі. Сондықтан Трампен кездесу кезінде аталған мәселе де талқыға салынады.
Айта кетейік, осы айда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барады. 18 қаңтарда Нью-Йоркте жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтеді. Оған бірқатар елдердің басшылары мен министрлері қатысады. Брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деген жоспар бар.
Аталған шара Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында ұйымдастырылады.
Төрағалық 31 қаңтарға дейін жалғасады.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2018 г. 483 0