Елбасы Алматы әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады

Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматының республика экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланың даму мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты.

«Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қаланың дамуы жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады», – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Алматыны газбен қамту және оның экологиясын жақсарту мәселелеріне назар аударды.

«Бізге электр станциялары мен тұрғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газбен жүргізуге көшіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Алматы қаласының әкімі Елбасыға қаладағы автомобильдерге арналған үлкен айналма жол құрылысының басталғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдеді.

«Бұл жоба іске асырылған кезде қаладағы көлік кептелісін күніне 10 пайызға немесе 40-60 мың автомобильге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, Алматының көлік-логистика желісін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне қосатын болады», – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, кездесу барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын қала сыртына көшіру мәселелері қарастырылып, азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде Алматы қаласы әкімдігі атқарып жатқан шаралар талқыланды.

«Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оның ішінде Атлеттер қалашығынан 1748 пәтер берілді. Осылайша, кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді», – деді қала әкімі.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 3 пайыздан жоғары болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция көлемінің, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсімі 3 пайыздан, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 2 пайыздан асады. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнімнің көлемі 20,7 пайызға өсті.

Республикалық бюджетке өткен жылмен салыстырғанда 6 пайыздан астам (1,3 триллион теңге), жергілікті бюджетке 10 пайыздан астам (372 миллиард теңге) салық жиналды. Бюджеттің 99,5 пайызы игеріліп, үнемделген қаражат 1,5 миллиард теңге болды. Дағдарысқа қарсы үкіметтік бағдарламалар мен жергілікті шараларды іске асыру нәтижесінде 45 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Қаланың автобус паркі 2017 жылы 30 пайызға жаңартылып, 500 жаңа автобус сатып алынды. Сәулет, қала құрылысы және Алматы қаласының бас жоспарын әзірлеу мәселелері жөніндегі «АлматыБасЖоспары» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Үкіметпен бірлесе отырып, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағын коммуналдық меншікке беру үдерісі басталды.

«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, ЖЭО-2 нысанын газға көшіру мәселесі қарастырылуда. Халықаралық әуежайды кеңейту және жаңғырту үшін 3В жаңа ұшу-қону жолағы салынып, VIP терминал салу мақсатымен ескі ғимараттар бұзылды, сондай-ақ жаңа ғимараттың эскизі әзірленуде. Студенттер тұратын 93 жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсартылды. Бүгінде 2 мың орынға арналған 4 жатақхананың құрылысы аяқталуда.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2018 г. 482 0