Шөл даланың кемесі атанған Ойсылқара түлігі туралы ел арасында айтылатын әңгіме-әфсаналар аз емес. Мына дерекке құлақ түріп көріңіз. «Мұнан төрт-бес мың жыл бұрын айыр өркешті түйе Орта Азияда, сыңар өркешті түйе Африкада алғаш қолға үйретілген екен. Қазіргі таңда сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кетсе, айыр өркешті жабайы түйе Моңғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. «Сахараның салтанаты» атауын иеленген түйе түлігінің қадір-қасиеті бағзы заманнан мәлім. Бір жолы Самарқан саудагерлері Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен сапарға шыққан деген бар. Қазақ даласында да түйе өсіруге аса мән берілген.
Қазақстанда айыр өркешті түйе жиі кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» десе, жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» делінеді. Салмағы 450-690 келіге дейін тартады. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш (қалмақ, қазақ, моңғол) түрі бар. Біздің елімізде қазақтың айыр өркешті түйесі көп өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында кездеседі. Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын тұқымы бар. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Орта Азия мен Қазақстанда ғасырлар бойы халықтық сұрыптау әдісімен өсіріліп келеді. Қазіргі таңда түйені еті, қымыраны және шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірінше, бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең» дейді кейбір деректерде.
Арал өңірінде бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымы асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Олардың арасында «Құланды» ЖШС жылқының Мұғалжар және қазақтың айыр өркеш түйесін күтіп-бағуда. «Құланды» ЖШС есебінде 1168 бас түйе бар. Шаруашылық асылтұқымды түйе басына жыл сайын жем-шөптік азыққа субсидия алып отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыстағы түйенің жартысынан астамы, шамамен 60 пайызы Арал ауданында екен. Ал түйенің еті ғана емес, шұбаты мен шудасы да адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім.
Ауданда мемлекеттен қаржылай көмек алып, шаруашылығын қарқындатып отырған жандар баршылық. Солардың бірі – Манахов Рүстем есімді жігіт. Ғасыр тоғысында кәсіпкерлік жолын бастаған осынау пісентті ауыл азаматы атакәсіп – мал шаруашылығын дамытуға бет бұрды. Жолы болды. Өзіне етене саланы ұршықша иіріп, шаруасын дөңгелентіп әкетті. Ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Түйе өсіру» бағытына несие алып, шаруашылығын ұлғайтты. Екінші кейіпкеріміз Әжіғұлов Зейнет болса, Ауғанстанда әскери борышын өтеп, өмірдің ыстық-суығына төселген азамат. Еңбек жолын слесарь мамандығымен бастаған Зейнет біршама уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Биыл «Арал ырысы» ЖШС» НС арқылы 6500 мың теңге қаржы иеленіп, өз ісін дамыта түсті.
Нақты кезеңде қорасындағы түйелерін қыстан қысылмай шығаруға еңбек етуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.