КӨЛІК-ЛОГИСТИКА, ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС, ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАЗАҚСТАНДЫ АЛҒА СҮЙРЕЙДІ

Өткен жылы еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы болашақта 7 мың шақырымнан асады делінген еді. Алайда, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана-Теміртау» және «Алматы-Қапшағай» жолдарымен жүретін көліктерден 2017 жылдың желтоқсан айында ақы жинала бастайтынын жеткізді. «Басымдықты міндеттің бірі – республикалық маңыздағы автожолдарда ақылы жүйені ендіру болып табылады. 2020 жылға қарай Қазақстанда жалпы алғанда, 6,5 мың шақырым автожол ақылы болады.
– 2017 жылы 470 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдарда ақылы жүйені ендіру жұмыстары аяқталды. Атап айтсақ, бұлар – 132 шақырымдық «Астана-Теміртау» және 142 шақырымдық «Алматы-Қапшағай». Бұл екі жол телімдерінде желтоқсанда құрылыс-орнату жұмыстары толық аяқталды. Содан кейін желтоқсан айында ақы жинау тестілік режимде басталады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ал 2018 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай 295 шақырымдық «Алматы-Қорғас» жолы ақылы болады. Қалған 5,5 мың шақырымда ақылы жүйені енгізу мақсатында 2017 жыл соңында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып, 2018 жылдан ақы жинау үшін қажетті қондырғыларды орнату жұмыстары бастау алады. Алдын ала болжамға сенсек, 2020 жылға қарай осы жолдардан жыл сайын 30 миллиард теңге ақы жинап отыру жоспарлануда. Тіпті, 2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басына қарай бұл сома 45 миллиард теңгеге дейін артпақшы. «Бұл Қазақстандағы жалпы ұзындығы 23,5 мың шақырымдық республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл желісін қалыпта ұстап тұруды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған тіпті бюджеттен қаржы бөлудің де қажеті болмайды», – деп қорытты сөзін министр.
Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына ерекше тоқталған еді. «Біздің елдегі ең басты құжат – «Стратегия – 2050». Аталған құжаттың негізінде әр 10 жылға арналған стратегиялық жоспарлар түзіледі. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу барысында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Қазақстанның сарапшылар қауымдастығының өкілдері енді. Бұл құжат Астана экономикалық форумында да кеңінен талқыланды. Осы орайда аталған форумға Нобель сыйлығының лауреаттары бастаған белді сарапшылар, жаһандық қаржы институттарының өкілдері жиналатынын ескерген абзал. Олар стратегиялық жоспарды талқылап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, біз бұл құжатты Қазақстанда өкілдіктері бар халықаралық қаржы институттарына жолдадық. Тағы бір ерекшелігі – стратегиялық даму жоспарын талқылау барысында фокус-топтармен тікелей ашық диалог құрдық. Яғни, өңірлерді аралап, кездесулер ұйымдастырдық», – деді Тимур Сүлейменов. Ал «Стратегия-2050»-ден ауытқуға болмайтынын еске салған ол: «Десе де, уақыт бір орында тоқтап тұрмайды. Геосаяси, макроэкономикалық жағдайлар өзгереді. Сондықтан, негізгі басым бағыттарды анықтап отыру үшін стратегиялық даму жоспары түзіледі. Бұл – уақыттың талабы», – деп сөзін толықтырған Ұлттық экономика министрі 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың орындалу барысына тоқталды.
«2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар дағдарысқа қарсы сипатта құрылған еді. Аталған құжат 2000 жылдың соңында жазылды. Ал, бұл дағдарыспен тұспа-тұс келген кезең болатын. Біз 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қамтылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің бәрін ойдағыдай еңсердік. Енді жаңа жоспар түзу керек», – деді ол.
Мәліметтерге сүйенсек, 2009-2016 жылдар аралығында экономиканың өсімі 36,5 пайызды құраған. Ал 2017 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 26 мың долларға тең болды.
Қазақстан – ашық экономика саясатын ұстанған ел, әлемдік қауымдастықтармен саяси, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық тұрғыдан тығыз байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан стратегиялық жоспарды құру барысында әлемдік трендтерді ескермеу мүмкін емес еді. Сол себепті біз 100 жаһандық трендке назар аудардық. Осы трендтердің негізінде бірнеше сценарий құрылды. Сценарийлер позитивті, негативті және базалық сипатқа ие. Сондай-ақ, мемлекеттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына толыққанды кешендік диагностика жүргіздік. Осылайша, экономикалық өсімнің жаңа моделін жүзеге асыру үшін 7 жүйелік реформа мен 7 әлеуетті саясат таңдалды. Кейбір болжамдар бойынша 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар ойдағыдай жүзеге асса, еліміздегі инфляция деңгейі 4 пайыздан төмен болмақ.
Қазақстанды алға сүйрейтін басым бағыттардың бірі – цифрландыру. Қазақстан цифрландыру индексі бойынша 2025 жылы 25-орынды (2016 жылы 52-орын) бағындыруды межелеп отыр. 2025 жылға дейінгі түзілген стратегиялық жоспар жеті реформадан тұрады. Олар – жаңа адами капитал; технологиялық жаңару және цифрландыру; бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес; құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қуатты өңірлер және урбанизация; қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Бұл орайда өзгерістердің жетекшісі мемлекеттік сектор. Алғашқы реформа «Жаңа адами капитал» деп аталады. Егер бұл реформа ойдағыдай жүзеге асса, білім саласының сапасы артады, жүйенің тиімділігі өседі. Яғни, бұл реформа ел экономикасының өсіміне қарқын қосатын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін біржақты етеді деп болжануда. Екінші реформа – «Технологиялық жаңару және цифрландыру». Бұл экономиканың өнімділігін арттыруға бағытталады. Реформа күткендегідей жүзеге асса, шығындар азаяды, тауарлар мен қызметтер өндірісі өседі, салалар әртараптандырылады және жоғары өнімді жұмыс орындарының саны артады.
Аталған реформа нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖІӨ өсімін 4,5-5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте, оның 1,7-2,2 пайызына цифрландырудың арқасында қол жеткізіледі. «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» деп аталатын үшінші реформа бәсекеге қабілетті орта мен экспорттық әлеуетті дамыту есебінен жеке сектордың белсенділігін арттыруды көздейді. Бизнесті «аяқтан шалып келген» кедергілер жойылады, орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашылады. Бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.
Төртінші реформа – «Құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл». Бұл реформа елдегі сот жүйесінің халықаралық стандарттарға сай болуын, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды негізгі межеге айналдырады. Адами факторды азайтып, процестерді цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндеті де осы реформа арқылы жүзеге асырылады.
«Қуатты өңірлер және урбанизация» реформасы арқылы аймақтарды дамыту жоспарлануда. Яғни, реформа өмір сүру сапасын арттыру тұрғысынан өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды азайтуға тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау, білім берудің заманауи тәжірибелерін енгізу де осы реформаға топтастырылған.
«Қоғамдық сананы жаңғырту» – алтыншы реформа. Бұл реформа ел тұрғындарының жекелей және Қазақстанның болашағына деген жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, адамдардың бәсекеге қабілеттілігі мен прагматизмді күшейтуге бағытталған.
Жетінші реформа – «Өзгерістердің жетекшісі ретіндегі мемлекеттік сектор». Бұл бағыт орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруды қарастырады. 2025 жылға дейінгі даму жоспары сарапшылар қауымдастығының тікелей қатысуымен дайындалған алғашқы құжат.
Әлбетте, аталған құжатқа өмір ағымына қарай өзгерістер енгізіліп отыруы мүмкін.

Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қаңтар 2018 г. 702 0