ҚАЛАНЫҢ СӘУЛЕТІ – ЕЛДІҢ ДӘУЛЕТІ

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде адам танымастай өзгерген. Көркейген, сымбатына сымбат қосқан, ажары айшықтала түскен. Соңғы бес жылда облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есе артқан.
Соңғы 4 жылда Қызылорда қаласы бойынша 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам жерлесіміз жаңа баспанаға ие болды.
Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Бұл аймақты кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде, өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді атап өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен бульварлар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Өткен жылы жаңа қала атанған аймақтан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, осы жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада, дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Бұл ғимараттың бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады.
Алдағы уақытта бұл аумақтан Жастар орталығы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталық бой көтермек. Осы ретте, сол жағалауда «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының құрылысы басталғанын айта кетуді жөн көрдік. Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады.
Сыр еліндегі ғажайыптар мұнымен бітпейді. Әрбір мүсінге мән бере қараған адам өткен тарихқа үңіле алады. Бабалар жолымен жүріп, билер кеңескен ортаға келеді. Осылайша, Әйтеке, Төле, Қазыбек секілді қазақтың атақты үш биі бейнеленген ескерткішке жолығады. Сәл әрірек жүрсеңіз, қазақ отбасын көрсететін мүсінді композиция кездеседі. Мұндағы аялдамалардың өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Оларда қазақтың небір батыр тұлғалары мен ақын-жазушылары, күйшілері мен жыршылары, жыраулары тұр. Олардың суреттері ілініп, қысқаша ғұмырбаяндары берілген. Аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халқының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады. Қала көркін аша түскен қыс көріністері, тіпті, керемет. Әсіресе, түнгі уақытта жалт-жұлт етіп жарқырап тұрады. Иә, Қызылорданың мұндай бейнелі келбеті қалаға әр беріп, жанды жадырата бермек.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қаңтар 2018 г. 635 0