СЕНАТОРЛАР АУДАНДАРДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Жаңа жыл басталғалы Жоғарғы палата депутаттары ауыл-аймаққа аттанып, сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров бастаған сенаторлар М.Бақтиярұлы және Б.Еламанов жұмыс сапарымен Қазалы және Сырдария ауданында болды.
Аудандарда кездесу барысында депутаттар Сыр елінің әлеуметтік-мәдени дамуының негізгі қорытындыларымен және осы жылғы жоспарымен танысты. Аудан басшылары өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының жай-күйін және келешектегі дамуы жайын хабардар етті.
Қазалы ауданына сапар барысында халық қалаулылары әлемге әйгілі Қорқыт ата ескерткіш-кешенінде болып, абыз бабаның рухына тәу етті.
Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен жаңа келбетке енгелі мұнда келетін меймандар қатары көбейген. Жаз бойы ЕХРО халықаралық көрмесін тамашалаған саяхатшыларда Қорқыт баба кешені мен Байқоңыр айлағына да арнайы келген.
Қорқыт ата кешенінде қонақтар экспозициялық залдағы құнды жәдігерлермен танысты. Онда ескі дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 700-ге жуық құндылықтарға қанықты. Қасиетті мекенге, сәулет өнерінің үздік туындысына баланатын кешен жұмысына оң бағасын берген сенаторлар қасиетті мекенді танымал туризм нысанына айналуына тілеутестігін білдірді.
Мұнан соң меймандар сапары Қазалы қаласында «Шығыс шамшырағы» атанған Ғани Мұратбаевтың тарихи мемориалдық мұражайында жалғасты.
Мәдени мұрамыздың белгісіне айналған музейде 1500 жуық жәдігер бар. Ғанидың жұмыс бөлмесі, қолданған заттары, құжаттары сол заманның көзіндей. Қазалы қаласының өсіп-өркендеуі де кезең-кезеңімен бейнеленеді. Қонақтар мұражай жұмысымен танысып, мұражай қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездескен сенаторлар Парламенттің өткен жылғы заң шығару жұмысының қорытындылары туралы хабардар етті. Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров депутаттар бекіткен 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі шығыстары әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті. Оның пікірінше, қаржыландырудың 45 пайызға жуығы адам капиталын дамытуға арналып отыр. Таяуда қабылданған жаңа Салық кодексінің ерекшеліктері туралы да жан-жақты айтылды.
– Былтыр Жоғары палатаға 94 заң жобасы түсіп оның 14 Мәжіліске қайта қарауға жіберілді. Заң қабылдауда Сенат депуттары барлық басымдықтарға ие, еліміз үшін аса маңызды заңдарды қабылдады. Мәселен, Салық кодексін тұрғындарға, кәсіпкерлерге тиімді етуді көздедік. Бүгінде бізде салықтың 36 түрі бар. Бұл әлі де күрделі. Заңның өзін заман талабына сай оны халыққа оңтайлы ету халық қалауларының негізгі жұмысы, – деді Б.Бекназаров.
Төраға орынбасары құқық қорғау саласы бойынша заңдардағы әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған түзетулер туралы әңгімеледі.
– Мемлекетте тәртіп орнады. Сот саласындағы реформалардың нәтижесі ойдағыдай. Тәртіптің нығайғаны сотталушылардың азайғанымен көрінеді. Әкімшілік құқықбұзушылық азайып, айыппұлдар көлемі түсті, жазалар жеңілденді, – деді.  
Шараға қатысушылар депутаттарға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстар айтты. Сенаторлар айтылған ұсыныстарды заң шығару жұмыстары барысында назарға алатын жеткізді.
Сенат депутаттары осы күні Тереңөзек кентінде Сырдария ауданынының активімен, мәслихат депутаттарымен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Сенат вице-спикері Б.Бекназаров Парламенттің жоғарғы палатасы қызметінің қорытындыларына тоқталды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа ел өміріндегі аса маңызды оқиға ретінде атап өтілді.
– Парламент Ата заңға Елбасы ұсынған саяси реформаларды құқықтық тұрғыда қамтамасыз ететін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады. Депутаттар корпусы жаңа Салық, Кеден кодекстері және басқа да заңдар бойынша ауқымды жұмыстар атқарды, – деді.
Сенат төрағасының орынбасары ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызды рөлін атап өтті. Депутаттардың заң шығарушылық қызметіндегі кейбір жайларға тоқтала келіп, бұл істе ел мүддесі қай кезде де бірінші орында тұратынын мәлімдеді.
– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, Астанада ШЫҰ  саммиті мен EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің өтуі еліміздің жаңа тарихында ерекше орын алады. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру аясында Елбасы тапсырмаларының орындалуын аймақ тұрғындарының қолдау білдіруі заман талабы. Еліміздің дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына жаңа серпін беретін Президенттің реформалары саяси көрегенділік. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың сана байлығын кеңейтетіне сенемін, – деді.
Шарада Парламент қабырғасында қабылдаған заңдардың мазмұны, еліміздегі рухани жаңғыру мәселелері, оның ішінде ұлттық құндылықтарды сақтау және қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы мүдделілік тұрғысында әңгіме өрістеді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ел Парламентінің атқарып жатқан жұмыстарының ауқымды екенін, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар легін, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, тұрғындардың шағын және орта бизнесті жүргізуіне мемлекеттің қолдауы тиімділігін көрсетті, деді. Шара соңында соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров халық қалаулыларына ақ батасын берді.
Сапарларын қорытындылаған сенаторлар аймақтың әлеуметтік дамуындағы табыстар мен ауыл шаруашылығы саласын көтеруде жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының зор үлестері барын атап өтті. Айтылған ұсыныстар мен өтініштер заң шығару жұмыстары барысында ескерілетінін айтты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қазалы, Сырдария ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қаңтар 2018 г. 523 0