«СКЗ-U» – СЕРПІНДІ СЕРІКТЕСТІК

Сыр өңіріндегі қуатылығы зор өндіріс орындарының бірі – Жаңақорған ауданында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС күкіртқышқылы зауыты.  Облысымыздағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғашқы қолға алынған игілікті шараның бірі осы десек жаңылыспаймыз.
Аталған ауқымды жобаны жапониялық – «Marubeni» және «ТЕРС» корпорациялары, канадалық – «UraniumOne» компаниясы қатысуымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясы іске асырды. Ал, құрылыстың технологиялық жабдықтарын «Desmet Ballestra S.P.O.» (Италия) компаниясы қамтамасыз етті. Францияның  «General Electric» компаниясы өндіретін энергогенераторлық қондырғыларды осы кәсіпорынның жабдықтаушы БК ЖШС «Союзкомплект» жүйелі орналастырды.
Сыр бойындағы уран өндіруші кәсіпорынға қажетті сілті қышқылын өндірудің шикізаты – «Теңізшевройл» ЖШС алынатын кесек күкірті болып табылады. Еске сала кетерлігі – қондырғының  негізгі өнімі шығарылған күкірт қышқылы (93%) салмақты Н2SO4.
Дайын өнімді (Н2SO4) тұтынушыға тиеп беруші «ЖаңақорғанТранзит» ЖШС автокөлікке тиеу-түсіру базасына дейін құбырмен жүзеге асырылады. Одан әрі «Қорасан-1», «Қорасан-2» кеніштеріне автокөлікпен және «Тау-кен» компаниясы ЖШС кәсіпорындары үшін теміржол көлігімен жеткізу қарастырылған. Зауыт жұмысының жан-жақтылығын дамыту үшін энергокомплексі сағатына 18 меговатт электр қуатын өндіру де қоса атқарылады. Оның 10 мегаватын жергілікті Жаңақорған электр желісіне қосылуы қарастырылған.
Міне, тауық жылы тарих қойнауына кетіп, жаңа ит жылы да есік ашты. Аймақтың өндірісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған аталған кәсіпорын өткен 2017 жылдың өнім өндіру жос-парын 500 мың тонна орнына 534 мың тонна етіп, 106 пайызға артығымен орындап шықты. Сондай-ақ, жыл ішінде 111 мың мегаватт электр қуатын өндірсе, оның 71,2 мың мегаваты жергілікті жердің пайдалануына жұмсалды. Әрине, бұл – мамандар мен жұмысшы-қыз-меткерлердің жүйелі еңбек етуінің нәтижесі. Кәсіпорында мамандарымыздың жаңа технологияны игеруіне барынша мән беріліп, білім жетілдіру курстарына жіберіп отыру тұрақты жүргізіледі.
– Өткен жылдың соңында республикалық «Парыз» байқауына қатысып, ұжымымыз бірінші орынды жеңіп алды. Мұнда біз жаңа технология-ны игерумен қатар еңбек қауіпсіздігін дұрыс сақтай білу нәтижелерінің қорытындысымен осы көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл біздің кәсіпорынның 10 жылдық даталы мерекесіне лайықты тарту болды деп есептейміз, – дейді «СКЗ-U» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Мәдіхан Бекжанов.
Кәсіпорында жас мамандарды дайындауға да үнемі назар аударылады. Өндіріс саласының өз бағытымен жүйелі өркендеуіне бас директордың орынбасары Дайырбек Әбдешов, зауыттың бас инженері Сағыныш Орынбасаров бастаған инженерлік-техникалық қызметкерлердің қосқан үлесі мол. Қазіргі таңда бұл жерде 270  адам жұмыс істейді. Тағы бір сүйсінетіні, кәсіпорынға жаңадан қабылданатын жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындар тарапынан тартылады. Ол үшін ардагерлер алқасынан құралған комиссияның пікірі негізге алынады.
– Кәсіпорын маңындағы Кейден ауылының аяқсуы, мектеп оқушыларына демеушілік жасау, басқа да әлеуметтік шаралардың өтуіне көмектесуді естен шығармаймыз, – дейді әлеуметпен жұмыс жасау секторының басшысы Сәулебек Дүйсебеков.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қаңтар 2018 г. 660 0