Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының жиырма алты жылын толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ, осы бір қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ Елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтеріліп, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді.
Тарихты тек халық қана емес, ұлы адамдар да жасайтындығы белгілі. Ел басына қонған бақты аялап, тәуелсіз елдің іргесін нығайтып, шаңырағын биіктету жолындағы жасампаздық істердің бастауында ерен Елбасымыз, кемел Көшбасшымыз – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны, оны өз қолымен құрғаны әмбеге аян. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде халқымыз әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.
«Әуелі экономика, содан соң саясат» деген ұстанымды нық ұстаған Елбасының көрегендік саясатының арқасында тәуелсіздіктің 26 жылында ел өмірінде, халықтың тұрмысында терең өзгерістер, оң қадамдар жасалды. Халықтың ойынан, жүрек түкпірінен шығатын тың шешімдер мен өрелі міндеттер Елбасының жыл сайын қабылдайтын дәстүрлі Жолдауларында жарқын көрініс тауып, оны іс жүзіне асыру жолындағы қарекет бірлік пен бекемдікті, халықтардың мызғымас достығын нығайтты. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықта жауапты да құрметті әріптес, бейбітшілікті ту еткен беделі биік мемлекет ретінде танылды. Оны бүкіл әлем мойындап отыр. Мұның бәрі жуырда ғана жарық көрген Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылық жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер» атты бөлімдерінде нақты айтылған.
Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты туындысында 26 жылдық талас-тартысқа толы тәуелсіздік шежіресі жазылып, бұл кезең «қазақ тарихының Ұлы дәуірі» деп аталды. Ол себепсіз емес. Еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы бірінші жаңғыруды, «Қазақстан-2030» стратегиясының нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кіріп, екінші жаңғыруды жүзеге асырды. Ел тарихындағы бұл кезеңдер Елбасының кітабында «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс», «Қазақстанның екінші жаңғыруы» бөлімдерінде нақты баяндалады. Міне, Қазақстан әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру мақсатында Үшінші жаңғыруды іске асыруда. Сонымен қатар, кітапта тәуелсіздік тарихындағы еліміз қол жеткізген 33 нәтиже жазылған.
Қазақстанның әлемде ядролық сынақ алаңын жапқан бірінші ел ретінде, еліміздің бас қаласы – Астана қаласының бой көтеріп, әлемге танылуы, ел экономикасының артуы, Қазақстанның бірнеше ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып қана қоймай, төрағалық етуі, елімізде «Рухани жаңғыру» үдерісіне жол ашылуы, «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің елдің мәртебесін арттырып, мерейін өсіруі және тағы басқа жетістіктер Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының нәтижесі деп білеміз. Елбасының ақыл-ойы, күш-жігерінің арқасында ғана теңдесі жоқ қазақстандық дамудың жаңа моделі жасалды. Кітаптың соңғы бөлімінде қалыптасқан мемлекеттің міндет-мақсаттары да жазылған.
Елбасы «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беріп үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала беруге тиіспіз» дейді. Елбасы әр уақытта бүгінгі жетістікпен тоқмейілсінбеуді айтады. Демек, алатын асуымыз әлі де алда.
Сонымен қатар, Ұлт Көшбасшысының бұл туындысы тәуелсіздік жылдарындағы тарихымызға шынайы баға беретін құнды еңбек. Сондықтан, бұл кітапты оқу құралы ретінде жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заман тарихы», мектептердегі «Қазақстан тарихы» пәндеріне қолдануға әбден болады деп есептеймін.
Сағат ТАЙМАН,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филология,
тарих және құқық факультетінің деканы,
тарих ғылымдарының кандидаты.