Кеше ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Сенат депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Мұхтар Ерман, Геннадий Шиповских жұмыс сапарымен облысымызға келді. Сапар барысында депутаттар аудандарда болып, түрлі нысандарды аралап көреді, халықпен кездесіп, тұрғындарды қабылдайды.
Халық қалаулылары айтқандай, олар Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында аймақтарға шығып, халықпен кездесіп, еңбек ұжымдарымен жүздеседі. Депутаттар үшін аймақтардың қалай дамып жатқанын, өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асатынын, тұрғындарды қандай мәселе мазалайтынын білу маңызды.
Алғашқы күнгі сапар барысында ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Сенат депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы қаладағы құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысымен танысты. Облыс прокуроры Халидолла Дауешов пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қонақтарға орталықтың қызметі туралы айтты. Оның басты мақсаты – жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының халыққа қажетті заңды және құқықтық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету.
– Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша арнайы орындармен және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда жеке және заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер прокуратура, ішкі істер, әділет органдары, әкімдік қызметкерлерінен, адвокаттардан, медиаторлардан, ХҚКО-дан қажетті кеңестер ала алады. Осы орталыққа келіп, кез келген құқықтық дау бойынша өтініш беруге болады. Әрбір маман қажетті көмек және кеңес береді. Бұдан басқа әрбір айдың бейсенбісінде жоғарыда көрсетілген ведомстволардың бас жетекшілері азаматтарды қабылдайды, – деді облыс прокуроры Х.Дауешов.
Айта кетейік, орталық осыдан төрт ай бұрын ашылған. Осы уақыт ішінде оған 850-ден астам тұрғын келіпті. Жоба – пилоттық, сондықтан мұндай орталықтар Қызылорда қаласынан басқа Қазалы және Жаңақорған аудандарында ашылған. Орталық – азаматтардың мәселелерін тез шешуге, әкімшілік кедергілерді жоюға, азаматтардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Орталықтың жұмысына депутаттар ризашылық білдірді. Сондай-ақ, 14 стационарлық полиция бекетінің (оның біреуі Төретамда, біреуі Ақай ауылында) жұмысына тоқталды. Жаңа нысан өрт-күзет дабыл жүйесі, бейне-домофон, радиостанция және компьютермен жабдықталған. Ресейлік тәжірибе негізінде салынған мұндай пункттер елімізде алғаш рет ашылған. Жаңа идеяны жүзеге асырып отырған мамандардың жұмысына халық қалаулылары сәттілік тіледі.
Сонан соң сенаторлар қалалық мәслихатта облыстық және қалалық депутаттармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және құқық қорғау органдары ардагерлерімен кездесті. Кездесуде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі. Қызылордалықтарды жаңа жылмен құттықтаған Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров Парламенттің Жоғарғы Палатасының 2017 жылғы жұмыс қорытындысы және оның нормативтік қызметі туралы тарқатып айтты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерге назар аударылды.
* * *
Кеше «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қоғамдық қабылдау өткізді.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Мұхтар Ерман, Геннадий Шиповских сынды халық қалаулылары қатысты.
Алдымен он баланы өсіріп отырған ана Зейнеш Алжимбаева «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жеңілдіктер туралы сұрады. Өз кезегінде оларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, тұрғын үймен қамту жағдайы да назарға алынса деген ұсынысын білдірді.
Депутаттар алтын құрсақты ананың орынды ұсыныс жасап отырғанын тілге тиек етті.
– Басқа аймақтарға қарағанда Қызылордадағы тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Мұны біз теледидардан да көріп, баспа бетінен де оқып жүрміз. Қазір бұл облыстың даму әлеуеті жоғары, – деді Мәжіліс депутаты Б.Ізмұхамбетов.
Мұнан соң Нұржамал Нұржанова есімді қала тұрғыны ажырасып кеткен күйеуінен алимент өндіріп беру туралы көмек сұрады. Оған өтінішті жазбаша беру қажеттігін айтқан депутат Б.Кесебаева керекті көмектің берілетінін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың қатарында Ауған соғысының ардагері, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайриддин Баймаханов та бар. Ол жастар арасында әскери патриоттық тәрбие беру жайын қозғады. Бұл мәселеге тікелей жауап берген депутат А.Тасболатов елімізде 2000-ға тарта әскери ұйым бар екенін айтып, жастар тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, қала тұрғыны Болат Нұрқожаев облыс бойынша сағат белдеу шекарасын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс білдірсе, «Невада-Семей» ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Сәбит Әбіш Семей атом полигонына қатысушыларға берілетін жеңілдік мәселесінің толық көлемде шешілуіне ықпал жасауды сұрады.
Халық қалаулыларының берген жауабына қарап, көтерілген мәселелердің барлығы да назарда болатынын аңғардық.
***
«Достық үйінде» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов пен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс ардагерлерімен кездесті.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз алып, депутаттардың облысқа жұмыс сапарының мақсаттарын айтып берді. Сонымен бірге, ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Жалпы, облыста 74 мың ардагер бар. Олар 728 ұйымға біріктірілген. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Мұнан кейін Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сыр елінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. «2017 жыл еліміз үшін сәтті жыл болды. Тарихи, саяси оқиғалар орын алды. Өткен жыл жарқын істермен есте қалды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды. «ЭКСПО» көрмесі жоғары деңгейде өтті. Көрмені тамашалауға сырт елден көптеген туристер келді. Биылғы жыл да еліміз үшін табысты жыл болады»,– деді Б.Ізмұхамбетов.
Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов жұмыс сапары барысында қала, аудан және ауыл халқымен кездесіп, елдің ұсыныс-пікірлерін тыңдайтынын жеткізді.
Осы кездесу аясында медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Бүгін Парламент депутаттарының жұмыс сапары аудандарда жалғасуда.
Шынар БЕКБАН,
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Сара АДАЙБАЕВА.