Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы міндетін атқаруға кірісті

Қазақстан қаңтардың 1-нен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы өкілеттілігін орындауға кірісті. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) хабарлауынша, Астана бұл міндетті қаңтардың 1-інен 31-не дейін атқарады.

СІМ-нің мәліметі бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айындағы төрағалық бағдарламасын қаңтардың 2-і күні қарастырып, қабылдайды деп жоспарланған. Сейсенбіде Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының бағдарламасы туралы брифингтер өткізілмек. "Қазақстанның бастамасымен Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде екі жылдық мерзімге сайланғанына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің туларын ресми түрде орнату рәсімі өтеді" деп хабарлайды СІМ.

Қаңтардың 18-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді. Сапар барысында, бұған дейін хабарланғандай, Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп жоспарланған.

Астана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес және өзге мақсаттарды атап отыр.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қаңтар 2018 г. 521 0