ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси Кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті.
Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында партиялық жаңғырудың мақсат-міндеттері, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары­ның жүзеге асуы сынды бірнеше мәселе қаралды. Сондай-ақ, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор», «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағытындағы комиссиялардың жұмысы және депутаттық фракциясының келер жылға арналған жұмыс жоспары мен қабылдау кестесін бекіту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің және партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының құрамын бекіту секілді 7 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы жанындағы «Индустриалдық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау» бағытындағы комиссияның жетекшісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы А.Махамбетов баяндама жасады. Ол Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын қалыптастырып, көлік инфрақұрылымын халықаралық жүйеге сәйкестендіру, тұрғын үй қолжетімділігін жоғарылату және кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еткен бағдарлама өз нәтижесін бергендігін атап өтті.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері құрылысына қаралған қаржы желтоқсан айында толық игеріліп, жоспар 100 пайыз орындалатын болады, – деді ол.
«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты Сайлауалды бағдарламасында «Аграрлық сектор» Қазақстанның болашақ экономикалық өсуінің басты драйверлерінің біріне айналады деп көрсетілген. Осы орайда, облыстық партия филиалы жанынан ауыл шаруашылығы саласына партиялық бақылау және мониторинг жүргізу мақсатында комиссия жасақталып, жұмыс жоспары бекітілген болатын. «Аграрлық сектор» бағытындағы комиссиясының атқарған жұмысын комиссия жетекшісі, аймақтық тәлімгер Б.Мақашов мәлім етті.
Оның айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда едәуір артқан. Биыл «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аясында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған. Күріштен рекордты өнім алынды. Қамбаға жарты миллион тонна Сыр салысы жиналды.
– Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нарықтық сұранысқа ие өнімдерді өндіру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында Иранға алғашқы рет 812 бас қозы және Біріккен Араб Әмірлігіне 1132 бас қозы экспортқа шығарылды», – деді ол.
Мұнан соң мінберге көтерілген облыстық мәслихат депутаты аймақтық тәлімгер, комиссия жетекшісі, мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры Р.Ысқақов хабарлама жасады. Ол «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағытындағы комиссиясының атқарған жұмысына тоқталды.
Бюро отырысын қорытындылаған облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша айтылған ұсыныстарды қолдап, жұмысты жетілдіру бағытында тиісті тапсырмалар берді. Бюро шешімімен күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2017 г. 567 0