КӨЛІК ДӘЛІЗІНДЕГІ КЕШЕН

«Елдің тұрмыс деңгейін салынып жатқан құрылысынан аңғаруға болады» деген есті сөз бар. Қазалы ауданында қашаннан да кәсіп жасауға жақсы көзқарас қалыптасқан. Мұны күнделікті тіршілікте байқау қиынға соқпайды. Жаңа жыл қарсаңында ауданда тағы бір жаңа нысан іске қосылды. Нақтырақ айтқанда, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолы бойынан «Арзан City» сервистік кешені ашылды.
Ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жол бойы инфрақұрылымының маңыздылығын атап өтіп, кешен басшысына сәттілік тіледі. Жеке кәсіпкер Арзан Байсуганова «С» санатындағы жол бойы сервистік кешенін қолданысқа беру арқылы 10 адамды жаңа жұмыспен қамтымақшы. Құрамында 120 адамға арналған кафе, 20 орындық қонақ үй, монша, автокөлік жуу орталығы, шағын маркет, техникалық қызмет көрсету орындары бар кешен жобасының құны – 75 млн теңге.
Жалпы, Қазалы ауданы аумағынан 96 шақырымы өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автобаны бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын салуға 5 учаске белгіленген. Қазіргі таңда екі нысан пайдалануға берілсе, тағы бір нысанның құрылысы жүргізілуде. Ал қалғандарының құжаттары әзірленуде.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2017 г. 544 0