МЕНІҢ ЖАҢА ЖЫЛЫМ

Жыл келдi, шапан киiп, сеңсең келдi,
Шыршалар шыр айналды зер шеңберлi.
Итіңнің иттігінен аласым жоқ,
Адамға адалдығын берсең болды.

Аттанған күзетiне қарттар алды,
Ақ қаңтар, көрпеңе ора мәрт даламды.
Қырға шана салатын балалығым,
Қырық жылдан да әрірек артта қалды.

Шанамыз сексеуiлден,тораңғылдан,
Домалап жататынбыз жалаң қырдан.
Түйе жүн кеудешеге түк емес-тi,
Сенiң мынау суығың боран қылған.

Кеш түспей үйге кiрмеу балаға әдет,
Домбығып аяз сүйген долана бет.
Алты қанат ақ үйде мерекемiз,
Янустың туған күні санада жоқ.

Бөркiне шоғын қадап боз үкiнiң,
Қағатын құдашаның көзi күлiм.
Бiздiң Аяз атамыз сақалына,
Мұз қатқан қара шалдың өзi-тұғын.

Мұрты мақта,бояу бет мына шалың,
Көрген жоқ киiз үйдiң түн ошағын.
Сол жерге кiрiп келсе салтанатпен,
Зәресiн алар едi құдашаның.

Жаңа бiр жарық шашып балауыз шам,
От шалқып шаңырақтан алау ұшқан.
Үй iшiн әнге бөлеп отыратын,
Жеткенше жеңешеме таң алыстан.

Әжемнiң батасымен жүрек жiбiп,
Жайнаймыз жүзiмiзге iрең жүрiп.
Шығады кебежеден дөңгеленiп,
Жаздағы жiпке тiзген кiренжiлiк.

Бұрқырап тартылғанша үй тамағы,
Ойнайды патефонның күйтабағы.
Жасы үлкен құдашаға жәутеңдеген,
Көзiмдi бiрте-бiрте ұйқы алады.

Түсiмде кезем бақыт саябағын,
Сезімнің кешіп өтем баябанын.
Жауһардай жанарымды қарып түскен,
Ақ қарға қарай алмай оянамын.

Тұрам да түген болмай, бәлен болмай,
Қорқамын әлденеден зәрем қалмай.
Құдаша кетіп қалса қайтем деймін,
Сондағы көкейдегі дәмем қандай?

Дәл сондай болса да аппақ дала бүгiн,
Адаммын әр нәрсеге алаңы мың.
«Әй» дейтiн әйелiң жоқ, құдашаң бар,
Шiркiн, менiң бақытты жаңа жылым!
...Аттамаған ешкімнің ала жібін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2017 г. 508 0