АЙМАҚТЫҢ ЕҢ НЕГІЗГІ 10 МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАСЫ

Өтіп бара жатқан жылы аймақта орын алған ең үздік 10 оқиғаны саралап берсек.
Экономиканың барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Оның ішінде, кейбір салалардың көрсеткіштері республика бойынша көш басында тұр.    
Облыста 600 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтқанда, облыс орталығында 61 көпқабатты үй құрылысы салынып жатыр, оның ішінде 24 үй, немесе 957 пәтер, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен және 37 үй (2014 пәтер) мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының аясында тұрғызылуда.  
Өңірде апатты үйлер мен мектептер мәселесі толық шешімін тапты.
Одан бөлек, Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың алғашқы нысандарының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 18 көпқабатты тұрғын үй, 320 орындық балабақша және «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы салынуда.  
Сондай-ақ, биыл Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары басталып, Қызылорда қаласы маңындағы Белкөл кентіне көгілдір отын берілді. Яғни, облыс тұрғындарының 64 пайызы табиғи газды пайдаланып отыр.
Биыл да Сыр диқандары рекордтық өнім жинап, ел қамбасына 500 мың тоннадан астам күріш құйылды. Айта кетейік, өнім өсімі егін алқаптарының ұлғаюы емес, селекциялық жұмыстардың табысты жүргізілуі мен күріш сорттарының өнімділігін арттырудың арқасында жүзеге асты.
Өткен жылы аймағымыздың ауылшаруашылық өнім өндірушілері алыс шетелдік нарыққа шыға бастады. Иран Ислам Республикасымен күрішті өсіру, өңдеу және экспорттау бойынша әріптестік орнатылды. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Қызылорда облысында ирандық «Торем Хошеми» сортының сынамалық партиясы егілді, ал ағымдағы жылдың қараша айында «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумының аясында Иран Ислам Республикасына Қызылорда облысынан күріш жеткізу туралы келісімге қол қойылды.
Сыр өңірінен алғашқы ет өнімдері Иран мен БАӘ экспортталды.
Жалпы, 2017 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 42 пайызға, оның ішінде күріштің экспорты 45 пайызға өсті.
Білім саласындағы жетістіктер де айтарлықтай. Мәселен, биыл мектеп облыс түлектерінің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы орындарға оқуға түсті. Ресей Федерациясының техникалықжоғарғы оқу орындарымен келісімнің нәтижесінде 452 қызылордалық түлек Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында білім алып жатыр. Айта кетейік, Қызылорда облысы – өз түлектерін Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттары есебінен оқытып жатқан бірден-бір өңір.
Сонымен қатар, келесі жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жыл сайын қызылордалық жастарға «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық әдіспен модельдеу» мамандықтары бойынша магистратураға 20 гранттан бөлетін болды.
Ресей Федерациясының Челябинск қаласында Ресей және Қазақстан басшыларының қатысуымен өткен ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында тағы бір Қызылорда облысы үшін өте маңызды мәселе шешімін тапты: 12 мың гектарға жуық жер Ресей Федерациясының арендасынан шығарылып, Қазақстан Республикасына шағын және орта бизнесті дамыту үшін қайтарылып берілді.
Өтіп бара жатқан жыл Сыр өңірі үшін табысты болды.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 желтоксан 2017 г. 469 0