Мемлекет басшысының отандық бақ өкілдерімен сұхбатында ел өміріндегі өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілді. Биыл елімізде өткен ауқымды шараларды қорытындылау бағытында өрбіген кездесу аясында Қазақстан Президенті Астанада өткен ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, еңбек миграциясы, «жасыл» экономика қағидаттарын енгізу және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғыртудың және қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың нәтижелері жөнінде ой бөлісіп, қазақстандық банктерді қаржыландырудың себебін түсіндірді. Сондай-ақ, кездесу барысында көрші елдермен байланыс, Астананы газдандыру мәселесін де әңгімеге арқау етті.
ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ
Сұхбат барысында «Қазақстан» телеарнасы тілшісінің «Қазіргі қоғамда белгілі бір қозғау болуы керек, қоғамдық сана өзгеруі керек. Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаңызда осыған жетудің біршама жолдары көрсетілген. Сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылған ұлттық комиссияның жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрағына орай Елбасы аталған бағдарлама биыл ғана жарияланып, оны жүзеге асыру үшін тиісті заңдар қабылданып, ұсыныстар енгізілгенін айтты. «Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алға қойған мақсаттардың ішінде ең бірінші орында латын əрпіне көшеміз деген мəселе тұр. Оны бүкіл халық болып талқылап, барлық зиялы қауымның, тіл саласы ғалымдарының пікірін, елдің ойын тыңдадық. Жан-жақты қарастырып, бір шешімге келдік. Маған əліпбидің ең соңғы нұсқасы таныстырылды. Мен соны бекіттім. Бірақ латын əліпбиін толықтай енгізуге əлі уақыт бар. Əрине, қоғамда түрлі пікірлер бар екенін білемін. Кейбірі əріптердің үстіндегі үтірдің дұрыс еместігін, кейбірін бірнеше қаріптен жасау керектігін айтып жатыр. Түркітілдес ағайындардың нұсқасына өтейік деген пікір де жоқ емес. Менің ойымша, латын қарпі компьютерлік нұсқаға сай болуы керек. Компьютермен жұмыс істеуге қиындық тудырмауы тиіс. Сондықтан мен қазіргі нұсқаны дұрыс деп санаймын», – деді Президент.
Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде латын əліпбиінің нұсқасымен өзі де Абайдың өлеңдерін теретіндігін жеткізді. «Осы күндері «Егемен Қазақстан» жəне басқа қазақ тілді басылымдарымыздың бір бұрышынан латын таңбасы негізінде арнайы бағандар жариялай бастасақ, артықтық етпейді. Ел оқи берсін. Менің өзім кабинетімде отырып, Абайдың сөздерін қоғамда талқыланып, таныстырылған латын əліпбиінің негізінде теріп жазамын. Үстелімнің үстінде екі түрлі əліпби үлгісі тұрады. Əрине, бірден игеріп, жазып кету оңай емес. Бірақ, қоғам, ел-жұрт ептеп үйрене бергені жөн. Бəлкім, ауылдар мен көше атауларын да латын таңбасымен жаза бергеніміз жөн шығар», – деді Н.Назарбаев.
Латын əліпбиіне көшудің түйткілді мəселелеріне кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы өз ойын елдегі үш тұғырлы тіл саясаты мен балалардың латын əліпбиін меңгеру қабілетімен ұштастырды. «Бізде қазірдің өзінде бірінші сыныптағы балаларымыз үш тілде оқытылуда. Олар қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде білім алуда. Ал 2025 жылға қарай мектеп түлектері үш тілге жетік болады. Үш тілді еркін меңгереді. Демек, алдағы уақытта біз латын таңбасына негізделген əліпбиді қабылдасақ, болашақта балаларымыз үшін ағылшын тілін үйрену мүмкіндіктері де арта түседі деген сөз», деген Мемлекет басшысы бұл мəселеге қатысты «неге, қалай?» деген сұрақтармен бас қатырмай, іске кірісе беру қажеттігін алға тартты.
ЭКСПО – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ
Елбасымен еркін пішінде өрбіген əңгіме барысында ЭКСПО-2017 көрмесі нысандарының кейінгі қолданысы туралы да айтылды. Халықаралық көрменің өтуіне 115 мемлекет атсалысқанын еске салған Елбасы келген қонақтардың саны біз күткеннен екі есеге асып түскенін тілге тиек етті. «Барлық қонақүйлер толды, шағын жəне орта бизнес жандана түсті. Менің ойымша, тұтас бір тамаша жаңа аудан тұрғыздық. Мұның барлығы ел тұрғындары үшін келешекте қызмет ететін болады. «Нұр-Əлем» сферасы музей ретінде қала береді. Ал бүгінде қалашыққа күніне 600 адам, сенбі-жексенбі күндері 1200-ге жуық адам келеді. Алып мұз айдынында қыс бойы сырғанауға болады», деген Президент Н.Назарбаев көрмеден кейінгі қалашықтың одан əрі қарқынды жұмыс істей беретіндігін атап өтті. «Мұнда халықаралық қаржы орталығы құрылады. Қазақстандықтар əзірге биржамен, акциямен жұмыс істеуді білмейді. Америкалықтардың 70 пайызы акцияның арқасында қосымша табыс тауып отыр. Қазақстандықтарды акцияға ақша салуды, осы арқылы баюды үйретеміз. Сонымен бірге жасыл технологиялар орталығы, стартап өндірісі орталығы мен IT-компаниялар келесі жылдан бастап өз жұмыстарын бастайды», деді.
БАНКТЕРГЕ БЕРІЛГЕН АҚША КЕРІ ҚАЙТАДЫ
Ұзақ мерзімді басым мақсаттарға қолжеткізу үшін елдегі қаржылық институттарды қаржыландыру өте орынды. Əрине, банктерге берілген бұл қаражат міндетті түрде кері қайтарылады.
«Біз банктерді қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан біршама қаражат бөлдік. Өйткені банктер ел экономикасының күретамыры. Егер қиын жағдайда оларға көмектесіп, қол ұшын созып, құтқарып қалмасақ, тұтас экономикамыз кері кетуі мүмкін еді», деген Мемлекет басшысы қаржылық нарықты тығырықтан шығару əрекетіміз елдің əлеуметтік-тұрмыстық мəселелерінің түзелуіне қалай əсер ететіндігін қарапайым мысалмен түсіндірді.
«Өздеріңіз білесіздер, мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға дейін көтердік. Қазіргідей жағдайда ұстаздарының әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін осыншалықты көңіл бөліп отырған елдер саны аз. Ал енді банктерді қаржыландыру мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын байланыстыра отырып, мәселені қарапайым тілмен түсіндіруге тырысып көрейін. Біз екі-үш жыл бұрын медициналық қызмет саласын сәтті реформалай алдық. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар заманауи талаппен үйлесіп, әлемдік тәжірибеге сай қызмет көрсетуде. Ендігі жерде білім саласын да осылай реформалау қажет. Мәселен, жаңа технологияны жетік меңгерген, білім берудің заманауи үлгісін озық игерген мұғалімнің жалақысына 30 пайыз көлемінде үстемақы төлене бастады. Сол сияқты жоғары оқу орындарында да осындай жүйе қолданысқа енуде. Айталық, жоғары санатты ұстаздың соңынан жүрген студенттердің көптігінен оның білім-білігі бағаланады. Оларға 50 пайызға дейін үстемақы төленуде. Міне, бұл жүйе нарықтық экономиканың заңдылығы. Әлеуметтік саланың тұралап қалмауы үшін қаржылық институттарға Ұлттық қор арқылы қолдау көрсетудеміз. Ол қаржы келешекте қайтарылатын болады», деді Президент.
КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ – АСТАНАНЫ ГАЗДАНДЫРУ
Сұхбат барысында отандық БАҚ өкілі Президентке Астананы газдандыру мәселесі туралы сұрақ қойды. Оған жауап беру барысында Елбасы қарқынды дамып жатқан қалаларда, миллиондаған көлік пен түтіннің болуын табиғи заңдылыққа балады. «Әрине, Сарыарқаның сары желі түтінді алып кетеді. Дегенмен, Астананың біз ойлағаннан да, біз күткеннен де жылдам дамып жатқанын ескеру керек. Қаланың өзіндік өмірі, өзіндік тарихы бар. Оны тоқтату қиын. Бұрын жұрт Астананың масасын көп сынады. Аязы туралы да айтылды. Тіпті Алматы тұрғынының астаналыққа хабарласып, 40 градус аязда қалай өмір сүріп жатқанын сұрағаны туралы әзіл де бар, дей келе Н.Назарбаев Астананы газдандыру күн тәртібінде тұрған мәселе екенін айтты. «Біз мұнай, газ өндіретін мемлекетпіз. Бірақ ол Қазақстанның басқа шетінде. Біз басқа шетіндеміз. Кейбір жерлерге Ресейден газ тартылып жатыр. Қазақстандық газ оңтүстікте пайдалануға берілді. Бізде тек Астананы емес, басқа қалаларды да газға көшіруге мүмкіндіктер бар. Тек, уақыт керек. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерді газға, ал тұрғындарды электр көліктеріне көшіру керек. Мысалы, бізді Алматы қатты алаңдатады. Алматыда электр стансаларын да газға ауыстырып, метроны дамыту қажет. Бұл проблема барлық жерде бар. Біз оны шешетін боламыз», деді Президент. Елбасының айтуынша, Алматы сияқты үлкен қалаларда көлік құралдары ауаны қатты ластайды. Бүгінде осы мәселеге ерекше көңіл бөлінуде. «Осыған байланысты республика бойынша 3 040 жаңа қоғамдық көлік құрастырылды. Соның жартысы газбен жүреді. Жақында мен Қостанайда болдым. Ол жақта біз отандық электромобильдерді құрастыра бастадық. Міне, дәл осы көліктермен ауасы ластанып жатқан қалаларды қамтамасыз ету керек. Біріншіден, ол – Алматы. Себебі ол жерде xалық та, көлік те көп», деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, 1998 жылға дейін Қазақстанда 700 мың көлік болған. Қазір автомобиль мінетін қазақстандықтардың саны 5 млн-ға жетті. «Осы көліктер қоршаған ортаны ластап жатыр. Сол себепті метро, жеңіл рельсті көлік қатынасы, қоғамдық көліктер, бензинге қойылатын талаптар және басқа да мәселелердің барлығы экологияны сақтау жолындағы шаралар», деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
ҚАНДАСТАРЫМЫЗ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
«Қандастарын еліне шақырып жатқан дүниеде үш-ақ мемлекет бар. Соның біреуі – Қазақстан. Бастапқы кездерде біз әдейі сол елдерге барып, жағдайларын сұрадық, Құрылтай өткіздік. Ұлы көшті бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз елге оралды. Олардан өсіп жатқан ұрпақтар одан да көп. Көш тоқтаған жоқ. Ешқашан да тоқтатпаймыз. Ешкімге қарсылығымыз жоқ, келем дегендерге есік ашық. Әсіресе жастар оқуға түсіп, барлығы елде қалып жатыр. Үлкендері де келіп қосылуда. Оны біз біліп отырмыз. Ол үшін қуаныштымыз. Шетелде әлі де 4 млн-нан аса қандасымыз бар», деген Президент оларды қолдауға әрбір қазақстандық мүдделі екенін жеткізді. «Біздің қазақстандықтар, қалталы азаматтар қандастарымызды қабылдауға ынталы болуы керек. Оларға көмектесу үшін арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беріп, жұмысқа орналасуға, баспана салуға көмектесу керек. Соған бәріміз мүдделі болғанымыз жөн. Бұл бізге қажет», деді.
ЖАҚСЫ КӨРШІ БОЛУҒА БӘРІМІЗ ДЕ МҮДДЕЛІМІЗ
Әңгіме барысында Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасы туралы да сөз болды. Әсіресе қырғыз халқымен достық, көршілік байланыстарды нығайтуға мүдделіміз деген Мемлекет басшысы екі елдің бағыт-бағдары айқын, мақсаты нақты екендігіне тоқталды. «Қырғыз елі, халқы бізге өте жақын. Тіл, мәдениет, әдет-ғұрып жағынан да баяғыдан бері келе жатқан жақындығымыз бар. Зиялы қауымның, жазушылардың, ақындардың, жастардың, яғни барша халықтың өзара байланыстары орнаған. Сондықтан Қазақстан қырғыз елімен қоян-қолтық араласып, жақсы көрші болуға мүдделі», деп атап өтті. Осы орайда Елбасы қарапайым халықтың өмірін қиындатпай, екі елдің қарым-қатынасын дамытып, сауда-саттық пен өзара байланыстарды нығайту қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар іргеміздегі өзбек елімен де байланысымыз жаңаша сипат алып жатқандығына арнайы тоқталды. «Өзбекстанның жаңа Президентімен түрлі деңгейлі кездесулер ұйымдастырылып, үкіметаралық деңгейде саяси-экономикалық қарым-қатынастарымыз тереңдеуде. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асады. Біз оны 2020 жылға қарай 5 млрд долларға жеткізсек деп жоспарлап отырмыз», деді Президент.
«Егемен Қазақстан»,
26 желтоқсан, 2017 жыл.