ТМД-НЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІ НЫҒАЙДЫ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысты.
Кездесуге Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон және Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев қатысты.
Мемлекеттер басшылары жиын барысында Ресей Федерациясының ТМД-ға 2017 жылы төрағалық етуін қорытындылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинді ТМД-ға төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтап, Ресей Федерациясының Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны дамыту және Достастықтың халықаралық беделін нығайту үшін атқарған жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы биылғы қарашада Минск қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммитінде өңірлік және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелері қарастырылғанын айтты.
– Бізде келіссөз арқылы шеше алмаған мәселе жоқ. Бәрімізге егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын негізге алып, әрі қарай жұмыс істеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Ресей Федерациясы Президентінің алдағы сайлауында табыс тілеп, Ресейдің көпұлтты халқы дұрыс шешім қабылдайтынына сенім білдірді.
Соңында тараптар түрлі салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық етуіне орай Тәжікстан Республикасына сәттілік тіледі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 желтоксан 2017 г. 495 0