« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенттер сарайында «Туған жерге тағзым» жобасы аясында «Рухани жаңғыру: Сыр өңірі тарихының зерттелуі және «Өлкенату» пәнін оқытудың өзекті мәселелері» атты облыстық тарихшылар слеті өтті. Слет жұмысына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүсметов қатысты.
Түсіне білгенге тарихтың тағылымы мен үйретері шексіз. Соның ішіндегі ең бағалысы – әркімнің және баршаның азаттығы мен еркіндігін қастерлеу. Ғасырларға созылған отарлық-тоталитарлық зорлық біздің санамызға ақтаңдақ пен қайшылықтарды аяусыз орнықтырды. Одан арылу үшін бізге ғылым көмекке келеді. Ал рухани жаңғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы. «Өркениетті алға бастырар – ғылым десек, соның бірден-бір саласы жас ұрпақты дәл тарихтай отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке тәрбиелей алмайды», – деген Елбасы сөзі тарихшыларға зор жауапкершілік жүктейді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық тарихты мәртебелі биікке көтерудің жиі айтыла бермейтін екі тұғыры ерекше аталды. Олар – «Туған жер» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Рухани құндылықты қалыптастыруда, киелі жерлер географиясын жасауда тарихшылар ерекше рольге ие.
– Тарих – ұлттың жады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткенінен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, ғылыми негізде жазылған тарих – ұлт тәуелсіздігінің кепілі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ұлттық және мемлекеттік мүдде, ақиқат тұрғысынан қайта зерттеліп, жазылды. Кезінде өзінің төл деректерін жинауға, жүйелеуге, шашауын шығармай сақтап, өз тарихын жазуға мүмкіндігі болмаған халқымыз бүгінде деректер тасқынының астында қалып отыр. Ал өркениетті мемлекет болып қалыптасу үшін қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеу аса маңызды. Сонымен қатар, қазақ руларының шежіресін ұлттық сипаттан ажырамай қарастыруға тиіспіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов.
Кеңес өкіметі уақытында қазақ тарихы белгілі бір шеңбердің ішінде болды. Көп мәселе бүркемеленді. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ дағы» деуі осыны аңғартады. Облыс әкімінің орынбасары күні кешеге дейін қазақтың тарихын негізінен әдебиетшілер жазып келгенін айтты. Қасаң идеология қыспаққа алған кезде кейбір тарихи фактілерді қиялға салып, көркем әдебиетке айналдыруға болады. Бірақ оны тура тарихтың өзі ретінде қабылдай алмайсыз. Бүгінде тарихшылардың алдында осы олқылықтың орнын толтыру міндеті тұр.
Елбасы Н.Назарбаев тарихты жазуды өлкетанудан бастауды міндеттегені белгілі. Қызылорда облысы биыл мұны пилоттық жоба түрінде мектеп бағдарламасына енгізді. Оң тәжірибе өзге өңірлерге де тарап, кең көлемде насихатталып жатыр. Облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің жұмысы да бір төбе.
Сыр өңіріндегі қасиетті орындардың географиясы жайында баяндаған Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанындағы «Археология және этнография» ҒЗО-ның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев қазір аймақта екі мыңға жуық ескерткіш бар екенін, оның бәрін бірдей киелі деуге келмейтінін жеткізді. Осы орайда ол мұндай орындарды алты кезеңге бөліп, соларды жалғайтын төрт туристік бағытты ұсынды.
– Елбасы киелі жерлерді туризмге бағыттау керектігін атап өткен болатын. Сол себепті бұл екеуі бір-бірімен астасып жатуы тиіс. Осылайша ішкі туризмді дамытуға әрі қасиетті орындарды кеңінен зезттеуге мүмкіндік туады, – деді ғалым.
Президент өзінің мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап көрсетті. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай көпшіліктің, әсіресе, жастардың берісі – туған ауылы жайында жарытып ештеңе білмейтінін қынжылыспен жеткізді. Осы орайда «Өлкетану» пәні тәуір көмекші құрал бола алады.
Жиында Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұраларының жай-күйі және қорғалу мәселелері, «Өлкетану» пәнін оқытудағы музейлердің ролі жөнінде ғалымдар, ұстаздар мен тарихшылар кеңінен бандады. Сондай-ақ Сыр елінің соңғы жылдардағы жетістіктері бейнеленіп жарыққа шыққан фотоальбом оқырманға жол тартты.
Слет түстен кейін облыстық тарихи өлкетану музейінде жалғасты. Оған ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев қатысты. Кездесуде бүгінгі тарихи жәдігерлердің жай-күйі, сақталуы, мәліметтер базасы, өлкетану тарихына байланысты сұрақтар төңірегінде сөз болды.
Назерке САНИЯЗОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |