2017 жылдың 21-23 желтоқсан аралығында Қызылорда қаласының Сырдария өзенінен мол судың өтуіне байланысты, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті және Басқарма қызметкерлері Сырдария өзені жағалауына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында келесі шаралар атқарылды. Сырдария өзенінің төменгі жағы «Әйтек» су торабы бойынша жоғарғы жағынан 500 метр және төмен жағынан шамамен 50 метр қашықтықта мұздың /мұзбен шуга аралас/ ұстасқаны байқалды. Мұздың көлемі шамамен 10-15 см. болады.
Сырдария өзенінен жоғары қарай мұздың ұстасқаны байқалады, тек жағалау жерлері ашық күйде.
23 желтоқсанда қарау барысында Сырдария өзенінің төмен жағынан жоғары қарай Әйтек су торабынан Ақмешіт м/а дейін өзенде су деңгейі 30-40 см. түскені байқалды.
Қараөзек ауылына қарай бағытталған Сауранбай каналына ауыл әкімшілігімен шлюз орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқадық.
Талсуат ауылдық округіне қарасты Ягодка және Пищевик саяжаларына қауіп төніп тұрған жоқ, өзен дамбыларында шамамен 1,5-2 метр қордың бар екені белгіленді.
Облыстық тубдиспансер маңы бойынша өзен бойынан мұздың жартылай ұстасып, жартылай ашық күйде екені анықталды. Өзен дамбыларында судың деңгейімен 1,5-2 метр қор бар.
Мерей-Ақмешіт мөлтек ауданы №1 МӨСБ маңындағы Сырдария өзеніндегі су жағдайы бойынша мұздың /шуга/ толық ұстасып тұрғаны байқалды.
Жаңа көпірдің сол жағалауында жоғары жағынан, көпірден 300 метр қашықтықта Сырдария өзенінен судың жағаға жайылуына байланысты, қала әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес сол жердегі құрылыс мекемелерінің техникаларымен суды тоқтату бағытында дамбыларға нығайту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Департаменттің «112» байланыс жүйесіне түскен хабарламаға байланысты, «Сыр-ана» монументінің артындағы дамбы астынан су кету жағдайы орын алды. Осы жағдай бойынша облыстық және қалалық комиссия құрамымен аралау жұмыстары жүргізіліп, қала әкімшілігінің тапсырмасы бойынша «Мелиоратор» мекемесінің 2 техникасы жұмылдырылып, нығайту жұмысы жүргізілді.
Осыған орай, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы 2017 жылдың 21-22 желтоқсаны аралығында Талсуат ауылдық округінің Строитель, Дружба саяжайлары және Қызылорда қаласына қарасты Пищевик, Ягодка саяжайларында және «КОПЭС», «ПМК-29» саяжайларында су алу қауіпі туралы құлақтандыру, тұрғын үйлерді аралау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында 6 саяжайдың 106 тұрғын үйлері араланып 120 тұрғындарына ескертпе хаттары таратылып, саяжайдан көшу жөнінде және су тасқыны кезінде атқаруы қажет іс-қимыл әрекеттері туралы түсіндірме берді.
Ескерту парағын тарату кезінде барлық саяжайлардағы тұрғын үйлердегі ірі қара және уақ мал саны 147, құстар саны 46 бар екені белгіленді.
Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі жағдай бір қалыпты, Басқарма және жергілікті әкімшілік тарапынан қатаң бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, 23 желтоқсанда сағат 15.00 шамасында Департаменттің «112» байланыс жүйесінен Қызылорда қаласының Белкөл кентіне қарасты Бірқазан стансасынан әрі қарай Көк жиде фазендасының 2 шаруа қожалығының жылқылары су астында қалды деген хабарлама түсті.
Аталған мекен-жай бұрынғы Сырдария арнасы болып саналады. Сол себептен, су алу жағдайы орын алып отыр, ал шаруа қожалықтары сол арнаның ортасында орналасқан.
Осы хабарлама бойынша Белкөл кентінің әкімі оқиға орнына барып, шаруа қожалығы иелерімен кездесіп, мал-жандарының аман екенін біліп, фазенда аумағын су алу қауіпі болуына байланысты, шығару жұмыстары жүргізілді.
Тек, аталған жерден бір шаруа қожалығының жылқылары шығарылды, ал екіншісі жылқыларды апарар жері болмағандықтан шығарылмады. Бұл шаруа қожалығы жергілікті әкімшілікке тіркелмегені анықталды. /екі шаруа қожалығының жылқылары 3 үйір, яғни 90-ға жуық жылқының бар екені анықталды./ Екінші шаруа қожалығының иесі 24 желтоқсанда /ертеңіне/ жылқыларын шығаруға уәде берді.
Мониторинг жұмыстары жалғасуда.
Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы.