Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен Ақжарма ауылдық округінде облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Ақжарма ауылдық клубының ұйымдастыруымен қоғам және руханият қайраткері Садық Ахун Қодарұлы атындағы «Сырдың сырлы тұлғасы» атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Аймақтық деңгейде ұйымдастырылған айтысты Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге, Садық Ахун Қодарұлының діни қайраткер болғанын кеңінен айтып, атақты Қаныш Сәтпаевты емдеген тұлғаның емшілік қасиетіне тоқталды. Айтысқа қатысушы ақындарға сәттілік тілеп, аудан әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан жыр додасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Мұнан кейін жеребе тасталып, алғашқы жұп шымкенттік Дәурен Ысқақ пен сырдариялық Мұхаммеджан Мансұров айтысты. Қара сөзді кие тұтқан жас ақындардың айтысы көпшілік көңілінен шықты. Ал, екінші жұп қармақшылық Сырым Әділбеков пен қызылордалық Шыңғыс Құдайбергенов шаппа-шап айтыстың нақ үлгісін көрсетті. Өз кезегінде ақтөбелік Нартай Төлеуқұл мен Қызылорда қаласының атынан сынға түскен Төрехан Совет тақырыпқа тереңнен бойлап, орнықты ойларын, пайымды пікірлерін жыр жолдары арқылы жеткізе білді. Айтыстың төртінші жұбы шиелілік Бекжан Ержігіт пен тараздық Рай Дөңбай және бесінші жұп аралдық Бексұлтан Орынбасаров пен Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы жырға шөліркеген халыққа тамаша тарту жасады. Айтыстың екінші айналымына сахна мәдениетін сақтап, өз ойын қарсыласына да, көрерменге де жеткізе білген төрт ақын жолдама алды. Ақтық бәсекеде Бексұлтан Орынбасаров пен Мұхаммеджан Мансұров айтысса, Рай Дөңбай мен Сырым Әділбеков жұп құрады.
Айтысқа төрелік еткен Заметдин Ибадуллаев бастаған қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесін, яғни 150 000 теңгелік ақшалық сыйлық пен Алғыс хатты Рай Дөңбай /Тараз қаласы/ иеленді. 100 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар жүлделі І орынды Сырым Әділбеков /Қармақшы ауданы/, 80 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар ІІ орынды Бексұлтан Орынбасаров /Арал ауданы/, 50 000 мың теңгелік қаржылай сыйақысы бар ІІІ орындарды Мұхаммеджан Мансұров /Сырдария ауданы/ және Нартай Тілеуқұл /Ақтөбе қаласы/ жеңіп алды. Ал, Садық ахун Қодарұлы атындағы арнайы жүлде және 60 000 мың теңгелік қаржылай сыйақы Шымкент қаласынан келген ақын Дәурен Ысқаққа бұйырды. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарын иеленіп, 30 000 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды.
Айтыстан соң қатысушыларға арналып ас беріліп, Садық ахун Қодарұлының рухына Құран бағышталды. Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.