Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында елорданың газбен қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
«Күн тәртібінде Астананы газбен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Тек қаланы ғана емес. Біз - мұнай пен газ өндіретін мемлекетпіз. Бірақ ол еліміздің басқа түкпірінде өндіріледі. Ал біз басқа шетінде отырмыз. Ресей де газды Сібірден алып отыр ғой. Сондықтан біз қазіргі таңда газбен қамтамасыз ету мәселесін қарастырудамыз», - деді ол.
Осы орайда Президент қазақстандық газ оңтүстік өңірлерге жіберіле бастағын атап өтті.
«Бүгінде қазақстандық газды оңтүстік өңірге тарттық. Газды жеткізетін құбыр Қытайға тиесілі. Яғни «Бейнеу-Бозой» құбыры. Сондай-ақ орталықта 4 құбырдың тізбегі бар. Кеңес одағынан пайдаланып келе жатқан құбырлар бар. Барлық құбырларды оңтүстікке өзіміздің газды жіберуге пайдалануға болады. Газ «Қашаған» мен «Теңіз» кен орнында өндіріледі.», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астанаға газ құбыры қалай тартылатын түсіндірді.
«Газ құбырын Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы өткізіп, Астанаға жеткізіледі. Содан кейін Астанадан Павлодар, Петропавлға газды жеткізу жоспарымыз бар. Жоспарды жүзеге асыратын боламыз. Ол үшін қаражат бар. Әрине, оған уақыт керек», - деді Қазақстан Президенті.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы қазірдің өзінде елордаға сұйытылған газ жеткізіліп жатқанын айтты.
«Жоғарыда аталған жоспарды күтпей-ақ біз Астанаға сұйытылған газды жеткізудеміз. Ол тұрмыстық отын ретінде пайдаланады ғой. Біртіндеп қаланы электр қуатымен жүретін көлік құралдарымен қамтамасыз етуге болады. Қоғамдық көлікті газға көшіру қажет. Осы жұмыстарды жүргізу қажет», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.