53 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Қызылорда облысында іске асырылуға жататын 6 жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба бойынша келісім шартқа қол қойылды.
– Бүгінгі күнге әріптестік аясында 53 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар – денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет, энергетика, жолаушылар көлігін дамыту, байланыс салаларындағы жобалар. Қазіргі таңда «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсету, Исатай Тайманов көшесінде ауысымына 400 қабылдауға арналған емхананы ашу, «Мерей» шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу сияқты үш жоба іске асырылуда. Енді осы жобаларға қосымша 6 жоба қосылды. Бұл жобалар бойынша тікелей келіссөздер жүріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті реттейтін заңнамаға сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.
Қосылатын жобалардың ішінде Жалағаш ауданынан бой көтеретін балабақша бар. Таң ауылдық округінен «Таң бөбегі» 90 орындық балабақшасын ашу жобасын биыл «Таң ЛТД» ЖШС мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында жүзеге асырады.
Ал, Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу жобасын «Жумбеков» жеке кәсіпкері жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жоба бокс, таэквондо, қазақша күрес сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін 180 баланы спорттық нысанмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнда жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен ғимаратты салып, оны қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтады. Бұл кешенге қызметті «Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер №9 мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүргізетін болады.
«Ахат-ГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Арал ауданы, Бекбауыл ауылдық округінен, Сырдария ауданы, Ақжарма ауылдық округінде және Қазалы ауданының Өркендеу ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысын келесі жылы жүргізетін болады.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2017 г. 545 0