ҚЫС МЕЗГІЛІ ҚАТАҢ ҚАУІПСІЗДІКТІ СҰРАЙДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі болып өтті.
Жиын басталар тұста облыс басшысы мемлекеттік награда алған бірқатар азаматтарды құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Айта кетейік, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел іргесін тіктеуге үлес қосып жүрген аймақ азаматтарына Елбасы Жарлығымен мемлекеттік наградалар берілген болатын. Бұл жолғы жиында А.Қыпшақбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қ.Жетес пен Ж.Құдайбергеновке Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Жаханов хабарлама жасады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, күріш өндіру көлемі өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Күрішті экспорттау көлемі де жылдан-жылға көбейіп келеді. Жалпы, соңғы 3 жылда сыртқа шығарылған күріш жармасы 33,6 пайызға артып отыр. Облыс бойынша 21 күріш өңдейтін, 1 ірі сүт зауыты мен 7 сүт және 6 шұжық
өңдейтін шағын цех, 1 көкөніс, 8 балық өңдейтін кәсіпорын, 35 мал сою бекеті мен алаңдар тіркелген. Бұл саладағы жұмыстың қаншалықты нәтижелі екенін ел біледі. Биыл күріштен 500 мың тоннадан астам өнім жиналды. Мал басын көбейту, асылдандыру бағытындағы жұмыстар да нәтижелі жүруде. Бұған қоса аймақта құс шаруашылығы дамып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мәселесі шешіліп, экспорт әлеуеті артуда. Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Әлде де болса дамытатын, ілгерілететін шаруалар жеткілікті. Осыны назарға алған облыс әкімі мал басын қалай көбейту қажет, оның ішкі-сыртқы есептілігі қалай болады, міне, осының барлығын нақты дәлелдермен келтіріп, басқарма басшысына осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Мұнан соң мінберге көтерілген облыстық энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы М.Усаин жылу беру мау­сымының қалай өтіп жатқанын баяндады. Облыс бойынша 1142 әлеуметтік нысанға және орта­лық­тандырылған жылу жүйесіне қосылған 692 көпқабатты тұрғын үйге жылу толығымен бірқалыпты берілуде. Күзгі-қысқы мезгілге әлеуметтік нысандарда 50 мың тоннадан аса көмір, 26 мың тоннадан астам дизельдік отын қоры жасақталған. Мазут отынын жеткізуші мекемелермен келісім жасалып, алғашқы партиясы әкелінуде. Облыс тұрғындарына қажетті көмірдің 60 пайыздан астамы жеткізілді. Жалпы облыс бойынша газ тұтыну көлемі сағатына 118 мың текше метрді құрайды. Осы мәселеге қатысты Қызылорда жылу орталығының басшысы Р.Нұрмағанбетов те хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмысты баяндады.
Қысқы мезгілде жол қауіпсіздігін сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу да маңызды. Көліктер ауа райының қолайсыздығынан жолда қалмау керек. Әсіресе, қарлы, боранды күндері қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берген дұрыс. Бұл жөнінде облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Ыбыраев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы О.Бержанов баяндады. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі» деп аталатын бірнеше жедел іс-шаралар өткізілген. Жүргізілген іс-шара мен күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде облыс көлемінде 81 мың 419 жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталды.
Оның 66 пайызы жол апаттарына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар екенін айтып өткен абзал. Төтенше жағдайлар департаментінің республикалық маңызы бар тас жолдарды жабу жөнінде дабылды белгісін алысымен тиісті жұмыс атқарылуда. Жылу беру маусымында көмірқышқыл газына уланудың алдын алу да маңызды. Әсіресе, тұрғын үйде тұрмыстық жағдайдағы от жағу пешінің қауіпсіздігіне баса назар аудармаса болмайды. Қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға қуаттылығы әртүрлі автономды 118 электр көзі әзірленіп, 149 техника дайындалды. Облыс аумағында қар басып қалатын 11 учаске бар. Оның жалпы ұзындығы 72 шақырымнан асады. Жол жабуға және жабылған жолдарды күнделікті қадағалау мақсатында 200-ге жуық полиция қызметкері, оның ішінде 73 жол полициясының автопатрульдері жұмылдырылатын болады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент», «Қызылорда-Жезқазған», «Қызылорда-Жалағаш» авто жолдарына 354 дана «Тайғақ жол», «Жылдамдықты шектеу» уақытша жол белгілері орнатылды. Республикалық маңызы бар жолдарда 19 қызмет көрсету кешендері орналасқан. Қысқы уақытта олардың да септігі тиюде. Ауа райының күрт суытуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысынан Ресей Федерациясына бара жатқан 2 жүк көлігінің жанармайы қатып қалған. Тәртіп сақшылары оларға дер кезінде көмек көрсетіп, жақын маңдағы жол бойы қызмет көрсету орталығына жеткізген. Қазіргі таңда осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі мен төтенше жағдайлар департаменті және Қазалы, Қармақшы, Шиелі жедел құтқару тобы­ның қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аймақ басшысы жол апаттарының алдын алу үшін көлікті жүйткіп жүргізетіндерді тізгендеу туралы тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі келелі мәселенің бірі қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шаралары болатын. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев осы мәселе төңірегінде сөз өрбітті. Жалпы, Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік және Жаңа жыл мерекелеріне орай «Сыр жо­марты» қайырымдылық айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мен қайырымдылық айлығын өткізу тұжы­рымдамасы бекітілген болатын. Қайырымдылық айлығына қатысатын барлық меншік түріндегі ұйымдардың тізімі жасалып, оларға көмекке мұқтаж аз қамтылған азаматтардың тізімдері жолданды. Қайырымдылық айлығы ая­сында аудандар мен Қызылорда қала­сында және барлық меншік түріндегі ұйымдардың тарапынан әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар ұйым­дас­тырылып өткізілуде. Қазіргі кезде облыс бойынша 2350 адамға 27 миллионнан астам теңгеге көмек көрсетілді. Облыс әкімі бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігін айтты.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы көпшілікті келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биылғы жылдың жетістіктерін тағы бір мәрте саралап өтті.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2017 г. 619 0