Шырша шырағы жанды

Кеше Қызылорда қаласының орталық алаңында бас шыршаның шырағын жағу салтанаты өтті.
Шара өнерпаздардың театрландырылған қойылымы­нан бастау алды. Ал, ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, биылғы Тауық жылының Сыр елі үшін табысқа толы болғанын баян етті.
– Құрметті қызылордалықтар мен қала қонақтары! Санаулы күндерден соң біз 2018 жылға қадам басамыз. Жаңа жылды жақсылықтың жаршысы деп қабылдап, әрқашан одан жақсы жаңалық күтеміз. Өткен жылға өкпеміз жоқ. 2017 жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де өміршең өзгерістерге толы, берекелі де жемісті, жетістіктері мол мерейлі жыл болды, – деді аймақ басшысы.
Соңғы жылдары өңір өркені ерекше қарқынға ие. Экономиканы әртараптандыру өз нәтижесін берді. Биылғы жылы күріштен тұңғыш рет облыс тарихында болмаған жарты миллион тоннадан астам Сыр салысы жиналды. Әлеуметтің әлеуеті де артып келеді. Салынып жатқан тұрғын үй құрылысы жыл санап қарқын алуда. Қазір Астанаға қарап бой түзеген Қызылорданың келбеті келісті, өмірі өрісті деңгейге көтерілді. Сырдарияның сол жағалауы алып құрылыс алаңына айналды. Аймақта жастар мәселесіне кеңінен көңіл бөлінуде. Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттерін айтпағанның өзінде, биылғы түлектердің басым бөлігі жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен.
Облыстың бас шыршасы шырағын «Абзал және К» толық серіктестігінің басшысы М.Ералиев, бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қ.Қоңқабаев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы С.Әбдірахманова, «Бала дауысы – 2017» ұлттық ән байқауының гран-при иегері Н.Шамбинова жақты. Салтанатты шараны тамашалаған ел мәдениет майталмандары дайындаған концерттік бағдарламаға да сүйсінді.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2017 г. 561 0