ЖАҢА ЖЫЛҒА ЖАҢА ҚОНЫС

Жаңа жыл қарсаңында бір күнде Қызылорда қаласының әуежай бағытындағы кіреберісінде жаңа қақпа және көпқабатты төрт тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Қайсыбір өңірдің болмасын, бас шаһарының сәулеттік келбетін жақсартуға басымдық беріледі. Өйткені ол әрбір аймақтың айнасы іспетті. Әуежай беттегі еңселі де сәулетті қақпа Сыр еліне табан тіреген қонақтарға қала жайында «ә» дегеннен жақсы әсер сыйлайтыны анық. Оны қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жұмысшылары айналдырған бір жарым айдың ішінде салып бітірді. Серіктестік директоры Ли Илларионның айтуынша, доға пішіндес қақпаның биіктігі – 10, ені – 18 метр. Жобаның жалпы құны – 65 млн 598 мың теңге.

Салтанатты рәсімде аймақ басшысы көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтай келе:

– Халқымызда «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген даналық бар. Ал әрбір қазақтың табалдырығы Алатаудан да биік. Сондықтан бүгін ашылған жаңа қақпа жақсылықтың бастауы болсын! – деді.

Сонадайдан менмұндалаған нысан ұлттық бояуға тұнып тұр. Әртүрлі ою-өрнектермен бедерленіп, түнде самаладай жарқырайтын жарық шамдары орнатылған.

Осы күні қаланың Демесінов көшесінде жұртшылық қоныс тойының куәсі болды. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт бірдей көпқабатты үйдің құрылысын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ның тапсырысымен «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізді. Жалпы құны – 2 млрд 637,1 млн теңге.

– Құрметті қауым, сіздерді келе жатқан жаңа жылдарыңызбен және қоныс тойларыңызбен құттықтаймын! Бүгін пайдалануға берілгелі тұрған тұрғын үйлердің қаражатының 80 пайызын – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, ал 20 пайызын «Бақ-Береке 2030» компаниясы қарастырды. Уақытпен санаспай жұмыс істеп, жайлы да жаңа қонысты салып бітірген құрылысшыларға алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Осылайша 210 отбасы жаңа жылды Сырдарияның жағасында орналасқан жаңа пәтерлерде қарсы алатын болды. Қызылордада қай кезде де құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Биыл облыс орталығында түйіні тарқатылмай келген апатты үйлер мәселесі толығымен шешілді. Олардың орнына қайтадан баспаналар салынып, тұрғындар жаңа қонысқа көшті. Соңғы 4 жылда Сыр елінің бас шаһарында 7 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шағын аудан бой көтерді. Бұдан бөлек, дарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды. Ал биыл қалада 60-тан астам көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Соңғы 4,5 жылда аймақта құрылыс көлемі 3,5 есе, ал облыс орталығында 8 есе артты.

Салтанатты рәсімде сондай-ақ «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ның маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Тимур Қалдыбаев қызылордалықтардың қуанышына ортақтасты. Жаңа қоныс иелерінің атынан қала тұрғыны Руслан Әбсәлемов ризашылығын жеткізді.

– Бүгін біздің, біз сияқты талай отбасының арманы орындалды. Жаңа жылды осындай үйде қарсы алудың өзі – бір бақыт. Мұның барлығына еліміздің тәуелсіздігінің, Елбасының сарабдал саясатының арқасында жетіп отырмыз. Құрылысшыларға рахмет. Барлығымызға жаңа қоныс құтты да берекелі болсын! – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 желтоксан 2017 г. 910 0