Бүгін көрнекті қоғам қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист Мұстафа Шоқайдың (1889-1941) туған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қилы тағдыр иесі осыдан 128 жыл бұрын қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған Мұстафа 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы оны үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Мұстафа Шоқай студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады.
1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесіндегі жергілікті халық мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды.
1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Сондай-ақ Мұстафа 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталған соң Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды.
1918 жылы мамырда Шоқай Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштерімен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді.
1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, Мұстафа Шоқай кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді.
1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Қайраткерге Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі беріліп, туған ауылына ескерткіші қойылған.