« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
«Ер есімі – ел есінде» деген. Сонау жеңіс жылдары қашықтаған сайын ондағы ерліктер ұрпақ жадында жаңғыруда. Аты аңызға айналған жауынгер Қошабай Дабыловтың өшпес ерлігі осының жарқын мысалы.
Арал қаласындағы мұражайда Отан үшін от кешкендер туралы тарихи деректерді шолып жүргенде 1943 жылдың 15 наурыз күні «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Дабылов Қошабай туралы мәліметті көріп тәнті болғанмын. Енді, міне, Қошабайдың немере інісі Көшей Жәмешов ақсақалмен кездесіп, боздақтың өмірімен жете таныстым.
– Қошабай ағамның кіндік қаны тамған жері – Арал ауданына қарасты Ақбасты ауылы. Көнекөздердің айтуынша, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жүріп-ақ еңбекке араласып, балықшы болған. Бертін келе екі иығына екі бүркіт қонарлықтай кең кеуделі, түбіт мұртты, отқа да, суға да түсуге дайын тұратын сақа жігіт болған шақта, яғни, 1942-жылы 32 жасында Отан қорғауға аттанады, – деген Көшей 70 жыл бойы сақтап жүрген деректерді маған ұсынған.
Белгілі қаламгер Шәкірат Дәрмағанбетов жаужүрек жауынгер Қошабай туралы «Ержүрек жауынгер» атты мақала жазыпты. Онда былай дейді:
«Әрине, архивтерімді ақтардым. Ақбастылық жауынгер Дабылов жайлы «Правдада» бір хабардың шыққаны есімде-тұғын. Сол табыла қалды...
Қошабай түн ішінде шептің алдыңғы жағында траншеяны тереңдетіп қазып жатты. Бойын жазып тағы бір күрек топырақты жоғары тастай берген кезде қарауытқан көлеңкелердің траншеяға төніп келгенін байқады. Қошабай винтовкасын алуға үлгермеді. Оған бір топ финдер жабыла кетті. Қошабай қолындағы күрегімен айқасқа түсті...
Бұл газет менің қолыма 1979 жылдың жаз айында түскен.
«Правда» газеті, 11 маусым, 1943 жыл».
***
«Правда» газетінің жазбасымен танысқан Шәкірат аға аудан орталығынан 250 шақырымдай шалғай жатқан «Ақбасты» ауылына ұшақпен ат басын тірейді. Сексен жастың сеңгіріне шығып, белі бүгіліп, тым еңкіш тартқан Қошабайдың анасы Иық бәйбішеге жолығады. Сонда артында ұрпағы қалмаған ұлын өмір бойы күтумен жүрген қайсар ана:
– Е-е, шырағым-ай, – дейді көзінен жас төгіле, – соңында мейір қандыра иіскейтін ұрпағы да қалмады-ау! Мерт болды дегенге сенбеймін. Ол келіп қалатындай Үкімет тағайындаған 27 сом жәрдемақыны да алып отырғаным жоқ. Соғысы құрсын. Басқа не айтайын, – дейді егіле отырып.
Шәкеңнің осы жазбасында Ленинград блокадасында 98-ші атқыштар полкында Қошабаймен бірге болған Ыбырайым Төлеубаев есімді майдангердің де еске алуы беріліпті. Ол былай дейді: «1943 жылдың 16-наурызы күні ертеңгілік Қошабайдың өлі денесін полк жауынгерлері алдынан алып өтіп бара жатқан-ды. Сол сәтте полк командирі майор Назаров: «Бұл ержүрек солдатты танитындарың бар ма?» дейді. Жауынгерлер жабыла айқайлап: «Танимыз. Ол қазақ жауынгері – Қошабай Дабылов» дейді. Оның құрметіне автоматтан дүркін-дүркін оқ атылып, салют беріледі. Қошабайдың сол кезде 32 жастағы ерге лайық тұлғасы бар, кең кеуде, атжақты, жазық маңдай, орақ мұрынды, жауырынды, алапат күш иесі бар азамат екені айтылады.
Қошабай окоп қазып жатқан күрегімен төбеден жай түскендей келген бірнеше финді жайратып салған.
... Маған Көшей ақсақал тағы бір сарғайған парақты ұсынған. Онда интернеттегі Россияның «Халық ерлігі» сайтында Қошабай Дабыловтың 1942 жылдың маусым айында 10-атқыштар дивизиясының 98-атқыштар полкында атқыш ретінде Карель майданында соғысқа кіргені және 1943 жылдың 16-наурызында ерлікпен қаза тапқаны, оны «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғаны марапаттау қағазында толық жазылыпты. Орыс тілінде жазылған түпнұсқаны қаз-қалпында беруді жөн көрдік.
«Тов. Дабылов за период пребывания полку с июня 1942 года проявил себя как дисциплинированный и исполнителный боец. Он всегда, в любых условиях выполнял точно и честно приказы командиров. Хорошо знал и нес службу наблюдения за передним краем.
В ночь на 16 марта 1943 года группа финов незаметно подошла к боевому охранению 3 стрелковой и ворвалась в траншею. В друг он почуствовал боль в ногах. Белофинский автоматчик ранил бойца в обе ноги. Враги тесным кольцом окружили бойца Дабылова. Они были вооружены до зубов. А он не успел даже схватить винтовку. Но Дабылов не считал себя безоружным. Дабылов крепче сжал в руках лопату и стал наносить ею смертельные удары по врагам. Белофинам удалось вырвать из рук бойца лопату. Дабылов их кулаками царапал и душил мощными руками. Изрезаный кинжалами лахтерей, истекая кровью, Дабылов продалжал бороться. Враг старался живым взять Дабылова, но получал мощный отпор. Тогда лахтарь с яростной злобой ударом ножа в сердце вывел из строя отважного война-героя.
Дабылов был скромным войном, он на деле доказал свою любовь к родине и беспредельную ненависть к заклятым врагам. Дабылов был верным сыном советского народа.
Ходатаиствую о награждении тов. Дабылова орденом «Красного Знамени».
Командир 98 стр. полка, майор Назаров.
23 марта 1943 года».
Көріп отырсыздар, ақбастылық ержүрек жауынгер ұмытылмас ерлік жасаған. Қаруланған ондаған жендеттермен қарусыз шайқасқа түсіп, бірнешеуін құрдымға жіберген. Алғашында қолындағы күрегімен айқасқан азамат соңынан қолма-қол арпалысқан. Қошабайды тірілей қолға түсіруді көксегендердің шамалары таусылып, жүрек тұсын пышақпен ұрғылап, ержүрек жауынгерді мерт етті. Ақбастылық ерен «өлермін, бірақ тірілей қолға түспеймін» деген ұстанымынан осылайша айнымаған. Жан берсе де, азаматтық ары мен антын сақтаған.
***
Қыршын жасында өмірін Отаны үшін, болашақ ұрпақтар үшін сарп еткен Дабылов Қошабай – мәртебесі биік, рухы асқақ азамат. Жауынгерге туған жерінің топырағы бұйырмай, Ленинград (бүгінгі Санкт-Петербург) облысының Светлое-сержантское көлінің жағасынан жай тапқан. Содан да Қошабай Дабылов есімін бүгінгі және кейінгі ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Демек, оған Арал қаласынан көше атауын берсе, оны айтасыз, қандай да бір ескерткіш қойылса да артық емес. Ерлік ешқашанда ұмытылмауы тиіс. Біздің бұл ұсынысымызды кезінде Шәкірат Дәрмағанбетов ағамыз да көтерген еді. Содан бері біраз жылдар өтсе де, нәтиже болмай келеді. Елі үшін мерт болған ер ұмытылмауы тиіс.
Еркін Әбіл.
Қызылорда қаласы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |