ЕКІЖАҚТЫ КЕЛІСІМ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қытай Халық Республикасындағы “Джинан Сиян Констракшн Групп ЛТД” компаниясының бас директоры Лан Лисяомен кездесіп, сол жағалауды игеру жобасын талқылады. Басқосу барысында Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту арқылы жаңа үлгідегі қала салынатыны, қазіргі таңда нақты жұмыстар қолға алынғаны айтылды. Жарқын жобаға қызығушылық танытқан шетелдік компания әріптестік танытуға ынталы екендігін жеткізіп, екіжақты келісімге қол қойды. Ортақ келісім аясында инженерлік инфрақұрылым облыс тарапынан жүзеге асырылмақ.
– Бүгінде Қызылорда облысы қарқынды даму үстінде. Өңірде еңбек өнімділігі соңғы 4 жылда 6 есеге артты. Аймақты дамытудың стратегиялық басымдықтарына сәйкес, металлургиялық кешен құру жөніндегі жұмыс жалғасып жатыр. Шетелдік инвесторлармен байланыс жасап, оларға қолайлы жағдай жасауға да мүдделік танытудамыз. Әлем бойынша сұранысқа ие өнімді шығару өңірдің экспорттық әлеуетін арттыра түсері анық. Осыған орай бұған дейін де қытайлық серіктестермен бірнеше келісімге қол қойылды. “Халықаралық ынтымақтастықты дамыту” тақырыбындағы “Байқоңыр инвест” форумы аясында шыны, цемент және ферроқорытпа зауыттары секілді ірі жобаларға қолдау көрсетілді. Ендігі кезекте дарияның арғы бетіндегі қала құрылысын қарқындатуға күш салуымыз керек, – деді Қ.Көшербаев.
Жиын соңында Лан Лисяо жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырған облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, 40 жылдан астам тарихы бар корпорацияның негізінен құрылыс саласына басымдық беретініне тоқталды. Қызылорданың экономика, инфрақұрылым жағынан дамығанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта сол жағалауда салынатын қала Сырдың кескін-келбетін келістіріп, ондағы әрбір ғимарат кім-кімді болмасын елең еткізетінін жеткізді. Өздеріңізге белгілі, сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталған. Мысал ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтуға болады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 желтоксан 2017 г. 595 0