
Кеше энергетиктер өздерінің төл мерекесін атап өтті. Мерекеге орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сала қызметкерлерімен жүздесіп, кәсіби күнімен құттықтады.
– Құрметті энергетика саласының қызметкерлері сіздерді Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Энергетика – экономиканың негізгі діңгегі. Зор мүмкіншілік күші. Еліміздің егемендік алуы, мемлекеттің тәуелсіздігі халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты. Тәуелсіздік жылдарында өңіріміздің энергетика саласы да айтулы жетістіктерге жетті. Сонымен бірге облыс көлемінде 300 шақырымнан асатын электр желілері жаңартылып, 90-жуық қосалқы станса орнатылған. Бұл дегеніміз халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетика қашанда әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш саналады. Бізде қазір атқарылып жатқан үлкен жобалардың барлығы да энергетика саласымен тығыз байланысты, -деді облыс әкімі.
Жиында аймақ басшысы энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді ҚР Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Алғыс хатпен», «Ардагер энергетик» төсбелгісімен және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Олардың қатарында сала ардагері Махмуда Маханова «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалін төсіне тақты. Ал, аталған министрліктің «Алғыс хатын» облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин иемденді. Сонымен бірге талай жыл осы салада еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер Сейітжаппар Ибраев пен Виктор Георгицаға Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының «Ардагер энергетик» төсбелгісі берілді. Мұнан өзге қауымдастықтың «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісі «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ бөлім бастығы Гүлайым Шайхисламова, Арал аудандық электр торабы бастығының орынбасары Амантай Қарамырзаев пен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК бөлім бастығы Рауан Әбсейітов алды. Бұл төсбелгімен өзге де біршама азаматтар марапатталды.
Сара АДАЙБАЕВА.