
Жаңа жыл мерекесін асыға күтетін балалар биыл да тосын сый мен тамаша тартуларға ие болды. Айталық, Қазақстан Республикасы Президентінің Жаңажылдық шырша мерекесіне облыс бойынша 200 оқушы қатысты. Көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ, оқуда, спортта, шығармашылықта, жалпы қоғамдық өмірде табысқа жеткен озық ойлы балалар шырша мерекесінде көңілдері шалқып, қуанышқа кенелді.
«Асқақ ордам Астана!» атты мерекелік салтанат Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың LED экран арқылы құттықтауынан бастау алды.
– Баршамыз асыға күтетін Жаңа жыл мерекесіне санаулы күндер ғана қалды. Мен сендерді алдағы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау шырша тойы барлығыңа естен кетпестей әсер сыйлайды деп ойлаймын. Сендер бейбіт те берекелі елде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз «Өскен елді өскелең ұрпағынан таниды» деген сөзді бекер айтпаған. Ата-ананың үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да мына – Сендер! Сондықтан біз болашақ ұрпақтың ақылды да алғыр, зерделі де зерек болғанын қалаймыз. Жаңа жыл құтты болсын! Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер! – деді Елбасы.
Шырша мерекесіне қатысушы балалар алдағы жылдың басты жаңалығы – Астана қаласының 20 жылдығына орай идеялар көрінісін айшықтай ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Жасыл шырша жанында жүздері қуаныштан бал-бұл жанған балаларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, Жаңа жылда жарқын бастамалар мен жаңа табыстарға жете берулеріне тілектестігін білдірді.
– Бүгін еліміздің барлық өңірінде Елбасы атынан балаларға арналған жаңажылдық шырша өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде балалар Жаңажылдық шыршаның жанында жиналып, армандарының орындалуын үлкен үмітпен күтуде. Сіздер таңғажайып кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Ғасырлар бойы орындалмас арман деп саналатын көптеген ғажаптар бүгінде шындыққа айналды. Сіздердің жақсы оқып, халықаралық олимпиада, шығармашылық және спорттық байқауларда жеңімпаз атанып жүргендерің мені қуантады. Болашақта әрқайсысың еліміздің мақтанышы болатындарыңа сенемін, – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан әлеуметтік маңызды жобалардың барлығы болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруіне бағытталғанын атап өтті. Бүгінде Мәңгілік елдің мәртебесін көтеретін мықты ұрпақ қалыптасып келе жатқанына сенім білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімі балаларға Президенттің мерекелік сыйлығы – ноутбуктер, Елбасының атынан кітап, ойыншықтар мен тәттілерді салтанатты түрде табыс етті.
Әдеттегідей Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен мерекелік қойылым көрсетіліп, ән-биге ұласты. Мерекелік тәтті торт үлестірілді.
Мерекеге облыстың барлық аудандарынан оқу озаттары, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Балалар бір күн бұрын қаланың көрікті жерлерін аралап, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қорқыт ата ескерткіші, Орталық алаң, «Жібек жолы» кинотеатры сияқты мәдени орындарда болды.
Ғазиза ӘБІЛДА.