
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның отырысында сенаторлар «Қазақстандағы кедендік реттеу туралы» кодексті екі оқылымда қарап, құптады.
Бұл кодекс кедендік төлемдер, салықтар, демпингке қарсы, өтемақы баждары туралы ережелерді, сондай-ақ кедендік төлемдерді есептеу, кедендік төлемдер мен баждарды төлеу жөніндегі міндеттердің туындауы мен тоқтатылуын, төлеу мерзімдерін, оларды төлеу және өндіріп алу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету бойынша ережелерді реттейді.
Бұдан басқа қазіргі кезде көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган іске асыратын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізудің теңіздегі пунктерінде және өзге де өткізу орындарында көліктік бақылау функцияларын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне беру көзделеді.
Құжатта кедендік реттеу саласындағы жаңа басым бағыттар көзделеді. Атап айтқанда, «Кеден декларациясын Кеден органына тиісті құжаттарды ұсынбай электрондық түрде беру мүмкіндігі», «Кедендік төлемдерді аванстық төлемдер енгізу арқылы төлеу», «Мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасауында «бір терезе» тетігін пайдалану» енгізілді.
Бұдан басқа кодекс сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждар мен төлемдер бойынша мерзімді кейінге шегеру тәжірибесін енгізеді. Тауарларды кедендік декларация тапсырғанға дейін шығару мүмкіндіктері кеңейтілген.
Жиында сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті де екі оқылымда қарап, қабылдады. Кодекс жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің жаңа тәсілдерін көздейді. Құжаттың негізгі жаңалықтары қатарында кен орындары бойынша «бірінші келген инвестор – бірінші алады» қағидатын қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделін ендіруді, пайдалы қазбалардың қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшуді, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеуді, жеке адамдардың пайдалы қазбаларды өз бетінше старательдік өндіруін ендіруді атауға болады.
Сонымен бірге, кодекс жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюды қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін енгізу ұсынылады, оған сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар өндіру бойынша операциялар басталғанға дейін жою жоспарын және жою жұмыстары құнының бағасын жасауға тиіс.
Жоюды қаржыландыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар қамсыздандыруды ұсынуға міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда уәкілетті орган оны содан өндіріп алады. Мұндай тәсіл жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар аяқталған кезде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және салдарды уақытылы жоюға мүмкіндік береді, бұл қоршаған ортаның жай-күйіне және халықтың өмір сүру сапасына әсер етеді.
Жер қойнауы саласына қаржыландыруды тарту процесін жеңілдету шеңберінде несие алу үшін кепілге «жер қойнауын пайдалану құқығын» қою кезінде уәкілетті органның рұқсатын алу қажеттігі жойылады.
Сенат отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңда ақпарат құралдарының шығындарын қысқарту мақсатында уәкілетті органға мерзімді баспасөз басылымының міндетті данасының қағаз нысанын жолдауды тоқтатып, енді тек электрондық нысанда жіберу көзделеді.
Бұдан басқа заңда халықтың тыныс-тіршілігін бұзатын оқиғаларға жедел ден қоюды және оларды уақытылы хабарлауды қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың үш сағат ішінде халықты ақпараттандыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады.
Ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы БАҚ-тың сұрау салуларына жауапты мемлекеттік органдар ол сұрау келіп түскен күннен бастап, 7 жұмыс күні ішінде ұсынуға тиіс болады.
Заң жобасын қорғаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев зерттеу нәтижелеріне жүгініп, алдағы уақытта қазақтілді ақпарат құралдары сайттарының оқырмандарының саны бірден бірнеше миллионға көбейеді деп күтіліп отырғанын мәлім етті.
– Біздің соңғы зерттеулеріміз қазақ тілді ақпарат құралдары әлдеқайда жақсы дамып келе жатқанын көрсетуде. Сонымен бірге, ел Үкіметі биыл «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қолға алып, жүзеге асыруға кірісті. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Оның аясында көптеген ауылдық елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Содан кейін оларда тұратын 2 миллионға жуық азаматқа біздің ақпарат құралдарын ғаламтордан оқып, көру қолжетімді болады. Бұл ретте ауылдағы сол 2 миллион қандасымыздың басым көпшілігі, 90 пайыздайы – қазақтілді. Ендеше, олардың бәрі қазақтілді сайттар оқырманының қатарын көбейтеді деген ойдамыз, – деді министр.
Отырыс барысында сенатор Ә.Нұралиевтің облысаралық, қалааралық және ауданаралық тасымалдауды заңдастырудың жаңа әдісін әзірлеу қажеттілігі туралы депутаттық сауалы жария етілді.