Облыстық денсаулық сақтау мекемелері үшін жылжымалы флюро-қондырғылар, арнайы көліктер және жеңіл автокөліктер сатып алынды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев дәрігерлерге 29 санитарлық автокөліктің кілтін табыстады.
«Біз халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетудің барлық талаптарын басшылыққа алып отырмыз. Мәселен, жаңа туылған нәрестелер үшін жасанды тыныс алдыру аппараттарын аудандарға, Ана мен бала орталығына алдырдық. Барлық аудандар жүрек қан тамырлары ауруларын ерте анықтайтын кардиостандарттар, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін эндовидеостойкалармен қамтамасыз етілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында Сыр өңірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 400 орындық емхана пайдалануға берілсе, Жаңа жыл мерекесіне тарту ретінде денсаулық сақтау мекемелері үшін жылжымалы флюроқондырғылар мен ыңғайлы автокөліктер сатып алынды», - деді аймақ басшысы.
Денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов әріптестерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Атап өтейік, соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Барлық аудандарда ауысымына 250 келушіге арналған емханалар жаңадан салынып, жуырда Жаңақорған аудандық емханасы мен Қазалы аудандық орталық ауруханасы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2018-2019 жж. мемлекеттік–жекеменшік әріптестіктің шеңберінде облыс ауруханаларына компьютерлік томограф және ангиографиялық қондырғылар сатып алу бойынша 5 ауқымды жоба қарастырылып отыр.