Астаналық бүлдіршіндер Президент шыршасына қатысты

Оқушылар сарайында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балалар шыршасы өтуде. Оған 200 бала қатысып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстанның бас қаласында өтіп жатқан жаңажылдық шыршаның тақырыбы – «Асқақтай бер, Астана». Қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин іс-шараға қатысатын балаларды арнайы комиссия іріктеп алғанын айтты. Мерекелік бағдарлама шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға видео құттықтауы арқылы өзінің ізгі тілегін білдірмек.
«Бүгін елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңажылдық шыршаны ұйымдастырып отырмыз. Арнайы комиссия жұмыс істеді. Олар іс-шараға 200 баланы іріктеп алды. Оның арасында оқу озаттары бар», - деді басшы.
Сонымен қатар, ол биылғы жаңажылдық шыршаны қызықты өткізу барысында балаларды ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар, түрлі сайыс өткізілетінін айтып өтті.
«Біз шырша тойын қызықты өткізу жағын ойластырдық. Сондықтан биылғы жаңажылдық шырша интерактивті түрде өтеді. Яғни іс-шара барысында балаларға арналған түрлі конкурстар ұйымдастырылады. Шырша тойы біткен соң, балаларға арнайы сыйлықтар беріледі. Содан кейін 200 бала «Нұр Әлем» павильонын тамашалайды», - деп түйіндеді сөзін Әнуар Жанғозин.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 желтоксан 2017 г. 507 0