ТАТАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІ БАЙҚОҢЫРДА БОЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесінде, 17 желтоқсан күні «Байқоңыр» кешенінен «Союз МС-07» зымыраны ұшырылды. Оның ұшырылымына Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов бастаған делегация және Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері келді.

Сыр жеріне табан тіреген қонақтар «Гагарин стартынан» зымыран ұшырылымын тамашалап, «Космодром» мұражайына, С.Королев және Ю.Гагарин тұрған үйлерге барды. Сондай-ақ, «Буран» орбиталық кемесімен және «Қорқыт ата» мемориалдық кешенімен танысты.

Қызылорда облысына арнайы келген Татарстан Президентін облыс әкімі Қ.Көшербаев күтіп алып, «Байқоңыр» ғарыш айлағы және «Қорқыт ата» кешенімен таныстырды.

Бауырлас елдің басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– Ең алдымен  баршаңызды Қазақстанның  Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай мерекеде осы елде болғаныма қуаныштымын. «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қорқыт ата» кешені үлкен әсер қалдырды. Мен Қазақстанға келсем, өзімнің бауырларыма келгендей сезімде боламын, – деді ол.

«Союз» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына кезекті ұзақ мерзімді экспедицияға аттанған жаңа экипаж құрамын жеткізбек. Экипаж құрамында «Роскосмос» ұйымының ғарышкері, кеме командирі Антон Шкаплеров, «NASA» астронавты, АҚШ азаматы Скотт Тингл және «JAXA» астронавты, жапондық Норишиге Канаи бар. Бұл экспедицияның  ғарышта болу мерзімі 122 тәулікке жоспарланған.

Зымыран ұшырылымын тамашалау үшін еліміздегі дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де келді.  Олардың арасында Австрия, Армения, Индонезия, Иран, Канада, Куба, Мажарстан, Марокко, Нидерланды, Румыния, Словакия, Швейцария елшілері, сондай-ақ, Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ, БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссар басқармасы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдіктерінің басшылары бар екенін айта кеткен абзал.

Елшілердің сапары Қазақстан өңірлеріне шетелдік инвестицияларды тарту, олардың туристік әлеуетін нығайту және жағымды имиджін қалып­тастыру бойынша мемлекеттік шаралары аясында ұйымдастырылды.

Әзиз Батырбеков.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 406 0