ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҰСТЫНЫ

 Кеше Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-жазушы, дипломат, филология ғылымының докторы, профессор, белгілі түрколог, академик Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығына арналған «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты салтанатты кеш өтті.
Салтанатты кеште облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ғалымға құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Сондай-ақ, М.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев, А.Сейдімбек сынды ел ағаларының Елбасымен бірге тұрған тарихи сәті бейнеленген күріштен салған суретті сыйға тартты.
– Құрметті Мырзатай Жолдасбекұлы! Сыр жұртшылығы атынан өзіңізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз және сіздің әулетіңіз Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» кейде «Сыр – Алаштың панасы» деген сөзді бала кезіңізден сезінген адамсыз. Сондықтан, құлындай кезіңізде кеткен, қазанат кезіңізде келген екінші Отаныңызға қош келдіңіз, абыз аға! Тәуелсіз еліміздің рухани құндылықтарын жаңғырту, ұлт мұраларын ұлықтау жолындағы өнегелі істеріңіз ізіңізден ерген ұрпаққа үлгі болсын деп тілеймін! Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, асыл ана Мария Ғизатқызымен бірге дүниенің қызығын, бейнеттің зейнетін көріңіздер деп тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты кештің құрметті қонағы Мырзатай Жолдасбекұлы 1937 жылы мамыр айында қазыналы Қаратаудың қойнауында, Таластың бойында, Ақтөбе деген ауылда дүниеге келген. Болашақ ғалым 1955 жылы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Академиктің жарқын жолы осыдан басталады. Ол Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Нығмет Сауранбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ғалымдардан дәріс алады. Мырзатай ағамыз 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен сол оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке қабылданып, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет қазақ әдебиетінің түп-төркінін зерттеуге кіріседі. Дарабоз тұлға бүгінгі әл-Фараби атындағы ұлттық университетте табаны күректей он жеті жыл ассистент, аға оқытушы, доцент, декан болып қызмет атқарды. 1977-1987 жылдар аралығында Талдықорған педагогика институтының ректоры болды. Мұнан кейінгі жылдары Оқу министрі, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің Идеология бөлімінің меңгерушісі, Президенттік Кеңестің мүшесі, Мемлекеттік кеңесші, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Тау тұлғалы азаматтың 80 жылдығына арналған кеште Мырзатай ағамыздың әндері мен күйлері орындалды. Сондай-ақ, ол кісінің анасы Қалдыкүл Рысқұлқызының әндері және кеш иесіне арналған әндер шырқалып, күйлер тартылды. Белгілі айтыскер ақын А.Әлтаев арнауын айтса, Ж.Жүзбаев, Т.Әліпбаев, А.Нұрсұлтанова секілді дарынды күйшілер өнер көрсетті. Г.Сарина, А.Балажанова, С.Әбенова, Е.Жаңабергенова, К.Төленбаева сынды бұлбұл үнді әншілер шараны айшықтай түсті.
Сахна төріне шыққан Мырзатай аға өзінің шексіз разы екенін айтып, ата-бабаларының Тереңөзекте тұрғанын жеткізді. Абыз ақсақал облыс басшысына Қорқыт бабаның жатқан жерінен мәлімет беретін картаны табыстады.
Еліміз Тәуелсіздік алған тұста Мырзатай ағамыз бұрынғыдан да қанатын кеңге сермей түсті. Халқымыздың рухани өмірінің қайта жаңғыруының көшбасшысы бола білді. Жас баладай жаңа ғана қаз тұрған қазақ мемлекеттігінің іргетасын еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қаласты, сенімді серігі, айнымас кеңесшілерінің бірі болды. Мырзатай аға 1993 жылы Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы елшісі болып тағайындалады. Елшіліктен оралғаннан кейін 1997 жылы Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда тұңғыш Дипломатиялық академияның негізін қалап, оны басқарды. Одан кейін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ректор болды. Мырзатай ағамыз мемлекеттік қызметте жүрсе де, басшылық қызмет атқарса да қаламын қолынан тастаған емес. Оның ертедегі әдебиет тарихы, көне түркі ескерткіштері туралы зерттеулері, жыраулар мұрасы, Жамбыл және Кененді зерттеуге арналған еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қазынасына айналды.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 566 0