КҮРЕЖОЛДА КЕРУЕН САРАЙЛАР КӨБЕЙДІ

Ел Тәуелсіздігі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында жұмыс сапарымен болып, жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысты.

Ұлық мерекеге орай Сырдария ауданында 10 арендалық үйдің кілті та­бысталса, Жалағаш және Қармақшы аудандарында балабақша мен жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыстарын бастады.

Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде аз қамтылған отбасылар үшін 10 арендалық үй пайдалануға берілді. 5 екі бөлмелі  және 5 үш бөлмелі тұрғын үйлердің жалпы аумағы 674 шаршы метрді құрайды. Жаңа үйлердің құрылысын мердігер компания «Нұр-талап және К» ЖШС жүргізген. Жобаның жалпы сметалық құны – 108,818 млн теңге.

Салтанатты жиында аймақ басшысы кент тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және қоныс тойларымен құттықтап, баспана  кілтін табыстады.

– Бүгін ең үлкен мереке. Елбасы­мыздың баянды саясатының арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, қазақстандықтар болашаққа үлкен сеніммен қарайды. Әсіресе, Сыр өңірін әрқашан қолдап келгені үшін мың алғыс айтамыз. Кез келген аймақтың дамуының айқын көрінісі – құрылыс жұмыстарының көлемі. Облыста 5 жыл ішінде құрылыс  3,5 есе, ал облыс орталығында 8 есе өсті. Сырдария ауданында келесі жылы 84 пәтер салынатын болады. Тереңөзек кентінде тұрғын үй кезегінде 350 адам тұрса, жаңа жылда олардың саны үштен бірге азаяды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сапар барысында облыс әкімі аудан активімен кездесті.

Кездесуде соңғы жылдары Сыр өңірінде атқарылған игі жұмыстар кеңінен баяндалды. Ел егемен­дігінің 26 жылдық мерекесін табысты қарсы алып отырған аймақтың даму қарқыны жоғары екенін айтқан өңір басшысы облыста жасампаз жобалар жүзеге асқанын атап өтті. Сонымен бірге, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңыздылығын айтып өтті.

Жиында еңбек ардагері А.Бах­тиярова, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы А.Құлыбаев аймақ басшысына, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға, мемлекеттік қолдауларға алғыстарын білдірді. Ал, «Алтын белгі» үміткері Ә.Сағатова мен респуб­ликалық білім бәсекесінің жеңімпазы М.Лаврова өлең жолын арнады. Кездесу соңында аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Келесі сапар Жалағаш ауданында жалғасты. Облыс әкімі кәсіпкер Болат Ұзақовтың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында салынған «С» санаттағы сервистік кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынды. Осы  бағдарлама арқылы 115 млн теңге және жеке қаражаты есебінен 135 млн теңгеге жоба қаржыландырылған.

Кешеннің ашылу салтанатында облыс әкімі, күре жол бойында ашылған 36 кешен қатарына, келесі жылы тағы да жаңа 5 кешен қосылатынын айтып, облыс, ауданда істеліп жатқан ауқымды істерге тоқталып, аудан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде Бұқарбай батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Нұрмағанбетов аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Мұнан соң, облыс әкімі Таң ауылдық округі орталық алаңының абаттандыру және «Таң бөбегі» балабақша жұмысымен танысты. 120 орынды балабақша «Таң ЛТД» ЖШС қаражатының есебіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған. Облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаевтың демеушілігімен бұрынғы балабақшаның ескі ғи­ма­ратын қайта жаң­ғыр­тып күрделі жөндеу жа­са­ған азаматқа ауыл тұр­ғындарының айтар алғысы көп. Бүгінде балабақшада 22 адам жұмыс істейді.

Аймақ басшысы Таң ауылында аудандық қо­ғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Онда жап­пай кәсіпкерлікті дамы­туға орай бірқатар тапсырма берді.

Ел ардақтыларымен емен-жарқын әңгіме­ден соң, Тәуелсіздік күніне орай аудан­ның әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына өзін­дік үлесін қосып жүрген бірқатар азамат облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. 

Қармақшы ауданы сапары аясында «Ақ сарай» сервис кешені жұмысымен танысқан аймақ басшысы өңірде барлығы 36 қызмет көрсету кешені салынып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. Кәсіпкер Әли Рагибовтың бастауымен ашылған кешеннің атқарып жатқан жұмыстарына қаныққан аймақ бас­шысы, кәсіпкерлік нысанның жұ­мысына оң бағасын беріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

– Мамыр айынан бастап құрылыс жұмыстары жүріп, тура алты айда толық аяқтап, қараша айынан бастап пайдалануға беріп отырмыз. Жобаға 350 млн теңге жұмсалды, – дейді кешен иесі Ә.Рагибов.

Кешенде 120 орындық тамақтану орны, 50 орындық кафе-бар, 11 бөлмелі қонақ үй, сауда дүкені, монша, автокөлік жөндеу және жуу орталығы, жеңіл және жүк көліктеріне арналған автотұрақ пен эстакада, жазғы демалыс орны, жылыжай және газ құю бекеті орналасқан.

Облыс әкімі одан әрі аудандық өлкетану мұражайында қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

Ауданның зиялы қауымының қатысуы­мен өткен дөңгелек үстелде аймақ басшысы облыс экономикасы мен әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды саралап, қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.

– Кәусар бұлақтың көзіндей Қармақшы ауданында Қызылорданың брендіне балайтын қасиетті Қорқыт бабамыз, жер кіндігіне айналған Байқоңырымыз орналасқан. Елбасы мақаласына орай облыс орталығының жаңа ауданында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылады. Сонымен қатар, «Дәстүрлі өнер академиясын» ашуды жоспарлап отырмыз. Онда колледж, бакалавриат, магистратураға дейін болмақ. Бұл туралы Елбасыға ұсыныс білдірдік. Біз Сыр елін қазақтың «мәдени эпицентріне» айналдыруды көздейміз, – деді облыс әкімі. 

Дөңгелек үстелде К.Раева, Қ.Есдәулетов, Ә.Дәуленбаев, Ш.Әбдікәрімов, И.Бисенов ұсыныс-пікірлерін зерделеді. Көрікті ойлар туындаған кездесуде облыс әкімі аймақ экономикасын дамытуға қосқан елеулі еңбектері үшін М.Наятұлына, И.Айекеновке, еңбек ардагерлері И.Бисенов, В.Шерғазин, Қ.Әжмағамбетов, З.Сартайұлына және қазақ күресінен екі дүркін әлем жеңімпазы Ғ.Әбдірахмановқа Алғыс хат табыстады.

Шара соңында республикалық «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өздері туып-өскен елді мекен­дерге қаржылай қолдау көр­сетуге тілек білдірген бір топ жерлестерімізбен ынтымақтастық аясындағы меморандум жасалды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 672 0