КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫСА, КӨП МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ ТАБЫЛАДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  бизнес қауым­дастығымен жыл сайынғы жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі кездесуін өткізді. Кездесуге кәсіпкерлер, кәсіпкерлікті қолдау құрылымдары мен мемлекеттік органдар өкілдері  қатысты. Кездесуді ашқан аймақ басшысы бизнес өкілдеріне сөзін арнады.

– Қызылорда облысының әлеу­меттік-экономикалық даму дина­ми­касы қай жағынан болса да жақсы. Тек мұнай өндірісі ғана кеміп отыр. Ол біздің кінәміздан емес. Қызылордалықтарға ол жағы­нан сын жоқ. Ал басқа барлық макроэкономикалық көрсет­кіш­теріміз республикалық орта көрсет­кіштерден жоғары. Бұл бәрімізге ортақ жетістік, онда өздеріңіздің де үлестеріңіз бар. Сол үшін рахмет айтамын, – деген облыс әкімі Елбасы бастамасымен еліміз алдына үлкен мақсаттар қойып, дамыған 30 елдің қатарынан табылуды межелеп отырғанын жеткізді

Аймақ басшысы  2013 жылы облысымыз Ұлттық қорға 760 млрд теңге қаржы аударса,  биылғы жылы одан көп төмен қаржы аударылғанына назар аударды. Дегенмен, 2013 жылғы облыстық бюджет 107 млрд теңге болса, келесі жылдың бюджеті 218 млрд теңге болып қабылданды. Ал жыл аяғына дейін оның көлемі 300 млрд теңгеге жақындайды деп күтілуде. Әкімдердің негізгі міндеті салық базасын көбейтіп, тұрақты жұмыс орындарын ашу және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту осы үш мәселенің де шешімін табу деген сөз. Президент бәріміздің алдымызға ұлттық жалпы өнімнің жартысын шағын және орта бизнестің беруін қамтамасыз ету тиіс деген тапсырма қойып отыр. Сондықтан да әрқайсыңыз осы істе – жаппай кәсіпкерлікті дамытуда көмекке келулеріңіз керек. Сөз орайында облыс әкімі 2017 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына аймақта 29 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Егер 90-жылдар аяғында облыс бюджеті 9 млрд теңге болғанын еске алсақ, кәсіпкерлікті дамытуға аз қаржы бөлініп отырмағанын білуге болады. Оның ішінде қайтарымсыз гранттар да бар. Соның өзін игере алмай жатырмыз. Барлығы бар, бірақ кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі ойдағыдай емес. Ал 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасына 32 млрд теңге қаралып отыр. Облыста 264 елді мекен бар. Ал енді осы елді мекендердің ішінде наубайханасы, шаштаразы, моншасы ашылмаған, қоғамдық малды бағу ұйымдастырылмаған ауылдар кездесіп жатады. Неге кооперативтер ұйымдастырмасқа? Мемлекет бәрін шешіп береді деген масылдық көзқарастан арыла алмай келеміз. Мемлекет тек қолайлы жағдай жасайды, ал әрі қарай өз тағдырыңды өзің шешуің керек. Жоба бар, қаржы бар, бірақ ниет жетіспейді. Облыс басшысы кәсіпкерліктің даму көрсеткіші ең төмен екі аудан – Жалағаш пен Қармақшы үшін арнаулы жол картасы жасалғанын еске салып өтті. Облыс тұрғындарының 60 пайызы ауылда тұрады. Сол себепті ауылшаруашылық саласындағы кәсіп­керлікті дамытуға өте мүдделіміз, Буферлік аймақ атағынан құтылдық. Мал шаруашылығын дамыта оты­рып пайдаға кенелуге болады. Қызылорда қаласының дарияның сол жақ жағалауы құрылысы да бизнесті дамытудың бір бағыты болады. Онда барлық инженерлік коммуникация мемлекет қаржысына жүргізіледі. Бұл үлкен жеңілдік.

Кездесуде сөз алған «Orda Glass» ЖШС-ның басқарма төр­ағасы Ержан Сағымбаев шыны зауы­­тының құрылысына барынша қолдау білдіргені үшін аймақ бас­шы­сына ризашылығын жеткізіп, зауыт межеленген уақытында іске қосы­латынын және іле-шала екінші кезегінің жобасына  кірісетінін жеткізді.

Келесі кезекте Қорқыт ата мемлекеттік университетінің оқыту­шысы Еркебұлан Жақсылықов «Baikonur Start Up» жобасына «Биологиялық ыдырайтын нано­ком­позиттер» тақырыбы бойынша қатысып, 300 мың теңге жүлде ұтып алғанын мәлімдеді. Ол облыс әкімінің аймақ жастарының Ресейде білім алуына жасап отырған қолдауы және өңірімізде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай үшін ризашылығын жеткізді.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Торғын Бейісова банктің кәсіпкерлерді қаржыландыруға белсене қатысып жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша жалпы құны 4 млрд теңгеден асатын 77 жоба мақұлданғанын мәлімдеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50 пайыз артық. Ол облыс басшысының кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан жұмысына ризашылығын білдірді.

Облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының төрағасы Ғалымбек Жақсылықов өткен жыл аймағымыз жемісті болғанын атап өтті. Соңғы үш жылда шағын кәсіпкерлер саны 28 мыңнан 33 мыңға жетті. Экспортқа тауар шығаратын кәсіпорын саны артып отыр. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша бес ауданда 937 азамат оқытылып, 221 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады.

Кездесу соңында облыс әкімі бірқатар кәсіпкерлер мен бизнеске қолдау білдіретін құрылымдар өкілдерін Алғыс хатпен марапаттады. Барлық қатысушыларға кәсіптерінің өркендеп, тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне үлес қоса берулеріне тілектестігін жеткізді.                    

    Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 569 0