ЮНИСЕФ БАЛАЛАР ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН ЖҮЗДЕСУ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республика­сының БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қорының өкілі Юрий Оксамитныйді қабылдады.

– Қызылорда облысы әкімдігі мен ЮНИСЕФ арасындағы бірлескен бағдарлама шеңберінде, ынтымақтастық нәтижесінде көптеген істер атқарылды. Республикада алғаш рет 2015-2016 оқу жылдарында Қазақстандағы ЮНИСЕФ балалар қоры мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын  алу жобасы енгізілген болатын. Бұл жобаның жұмыс істеуі бүгінгі күні оң нәтижесін беруде,-деді облыс әкімі.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид себептерін зерттеп, оның алдын алу бағдарламасын Қызылорда қаласында сынақтан өткізгені белгілі.

– Бұл Сыр еліне жасаған алғашқы сапарым емес. Біз тығыз байланыста болып, бірлескен жобаны жүзеге асырып келеміз. ЮНИСЕФ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігімен бірге балалар мен жастар арасындағы суицид пен суицидтік мінез-құлық себептеріне кешенді зерттеу жүргізді. Облыста атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, біз таңертеңгілік  облыстық балалар ауруханасында «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» орталығының ашылуына қатыстық. Осы сапарымыз  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр екен. Сондықтан барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - Балалар қоры­ның өкілі Юрий Оксамитный.

Шара соңында облыс әкімі ЮНИСЕФ балалар қорының өкілін марапаттап, жылы лебізін білдірді.

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 553 0