ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН ЖОЛШЫЛАР

Егеменді еліміздің өркендеуі мен өрлеуінің негізін қалаған осынау қастерлі мереке 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіндегі марапаттар толастар емес. Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жолаушылар көлігі және автомобиль жол құрылысының бірқатар сала ардагерлері мен майталмандарын марапаттады.

– Облысымызда кейінгі жылдары жолаушыларды тасымалдау сапасы мен көлемі артып келеді. Сонымен қатар 2017 жылды ойдағыдай көрсеткішпен аяқтауды жоспарлап отыр. Биыл 11 айда 333 млн жолаушы тасымалы жоспары артығымен орындалды. Өздеріңізге белгілі, тамыз айында «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі ашылды. Жыл сайын автобус паркіндегі қоғамдық көліктер жаңарып, жаңа автовокзал мен автобекет салынды. Облыстық және аудандық маңызы бар 183 км автомобиль жолдары күрделі және орташа жөндеуден өтіп, қайта жаңартылды. Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қызметтеріңізге жеміс, отбастарыңызға бақыт тілеймін, – деді С.Сүлейменов.

Шарада сала мамандары мен ардагерлері кәсіби төсбелгімен, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында «Үздік автокөлікші» белгісінің иегері, 40 жылға жуық еңбек өтілі бар сала ардагері Кетебай Исмағұлов өзінің алғысын білдірді. Ал «Құрметті жолшы», Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аман Дана жиылғандарды мерекемен құттықтады.

Осылайша, сәулелі келешек жолында аянбай тер төгіп, тынымсыз тірлік кешіп келе жатқан жол-көлік саласы қызметкерлерінің еңбегі жанды.

Шынар БЕКБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 511 0