Жезқазған мен Қызылорда арасындағы тасжолдың үштен екі бөлігі жөнделді

 Жол азабын жүрген білер. Жезқазған мен Қызылорда арасындағы тасжолдың жайын айтып, жолаушылар талай жылдан бері дабыл қағып келеді, деп хабарлады khabar.kz. Тек биыл ғана сеңге қозғау салынды. Қазынадан қаражат бөлініп, грейдердің біраз бөлігі күрделі жөнделген. Енді жұрт екі араға бұрынғыдай 9 сағатта емес, 5 сағатта жететін болды.
Жезқазған мен Қызылорда арасын жалғап жатқан дәл осы күре жол сәл жаңбыр жауса, ми батпаққа айналып, жүру мүлдем мүмкін болмай қалады. Жолаушылар 30 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Тек биыл ғана қазынадан қаражат бөлініп, грейдердің біраз бөлігі қалыпқа келтірілді.
Балшыққа батқан жүк көліктері осылайша бірін-бірі сүйреп, діттеген жеріне сағаттап жеткен. «Күрделі жөндеуден соң, жол анағұрлым жақсарды», – дейді жүргізушілер.
Манарбек Қожарбаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Қазір жолдың жағдайы жақсарды. Бұрын 8-9 сағат жүретін жерге қазір 4-4,5 сағатта жетеміз. Міне Қызылордадан жеңіл машинамен келе жатырмын. Бұрындары машинаның сайманы шашылып, бір барып келгенде қаншама мыңға жөндейтін едім. Қазір ондай жағдайдан құтылдық. Қалдыбек Байдаралинов осы жолмен айына 5-6 рет қатынайды. Жүргізуші Қызылордаға көмір тасиды. Талай рет көлігі сынып, далада түнеп қалған.
Қалдыбек Байдаралинов, көлік жүргізушісі:
- Бұрын жаңбыр жауғанда жүре алмай қалатынбыз. Сол ортада 1-2 күн жатқан күндеріміз болды. Қазір жақсарып қалыпты. Жолды істепті.
Жалпы Жезқазған мен Қызылорда арасы 450 шақырым болса, соның 208-і Қарағанды облысына тиесілі. Ал оның 98 шақырымы – грейдер. Саз-балшыққа айналатын жолдың дәл осы тұсы сонау 90-шы жылдардан бері күрделі жөнделмепті. Биыл республикалық бюджеттен 830 млн теңге бөлініп, 64 шақырым қалыпқа келді.
Асхат Жалбыров, №44 жол жөндеу мекемесінің бас инженері:
- Бұл жолда тас табу қиын, тас жоқ. Бұл жолды істегенде шиыршық тас қаладан тасылды. Бұл жолдың үштен екі бөлігі бітті ғой.
Мамандардың айтуынша, жолдың қалған 34 шақырымы келесі жылы жөнделмек.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 1 161 0