ДИНАРАҒА «ДАРЫН» СЫЙЛЫҒЫ

Соңғы он жыл көлемінде жас ақындар арасынан жарқырай көрініп, талантымен танылған ақын қыздардың бірі – Динара Мәлікова. Поэзия әлемінде сара жол салып, нәзікжанды әйел затының тұңғиық, тұнық сезімін жырмен кестелеп, жауһардай төккен Фариза, Марфуға, Ақұштап, Гүлнар апаларының өлеңдерінен бойына нәр алған талантты жас ақындық ауылына айқын бет бұрған еді. 

Сонау 2005-2007 жылдары аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде қызмет атқарған Динара, күнделікті толассыз ақпараттың арасында жүріп, өзінің ой-толғанысын өлеңмен өретін. Мен ол кезде аудандық  газетте редактордың орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Сиясы кеппеген жазбаларын алдыма жайып салып, «Апай, қарап беріңізші!» деп алып-ұшып  келгенде, алғашқы туындыларына аздаған түзетулер енгізіп, өлең құрылымы туралы өз білгенімді үйреткен болдым. Осыдан кейін-ақ, ол шығармашылық әлемінде еркін құлаш сермеп, өлеңдеріне өр сезім, өткір ой, өмірдің өзекті тақырыптарын арқау ете білді. Адами болмыстың қыр-сырын ашуға, шынайы сезімнің сан алуан күйін қаз-қалпында танытуға талпынатын.

Қашанда ойлы дүние қараусыз қалмайтыны анық. Көп ұзамай жас ақынның жаңа туындыларын орта буын оқырмандардың өзі жылы қабылдады. Алақандай ауылдан шыққан ақын қыз жыр сайыстарында жүлделер иеленіп, ауданға, облысқа танылды. Енді оның алдында оқу, іздену, мамандық алу сияқты өмірлік маңызды міндеттер тұрды.

Арман қуып, Алматыға аттанды. «Алматы ақшамы» газетінде қызмет атқарып, қарымды қаламгерлерден тәлім алып, тәжірибесін толықтырды.

Он сегіз жасында «Он сегіздің көктемі» деп аталатын шағын кітабын жарыққа шығарған Динара Мәлікова, одан бері де «Гүл қауызындағы хаттар», «Қауызыма сыя алмаған екенмін» атты өлеңдер жинағын шығарып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

– Сыр өңірінің сырға тұнған табиғаты, ақ шағыл құмында аунап-қунап өскен туған жерім қашанда жүрегімнің төрінде.

Өмірлік мұратымды айқындап, шығармашылық әлемінің биік белесінен көрінуіме аудандық басылымдағы қарымды қаламгерлердің  қолдауы болғанын атап өтер едім. Сол арқылы поэзия атты патшалықтың парасат-пайымын ұғып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбамды қалдыруға мүмкіндік туды. Шығармашылықтың шын жолына түстім. Міне, биылғы жылы жеткен жетістігім, әдебиет саласында жастарға табысталатын дәстүрлі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иелендім. Сыйлыққа ұсыным хатта шығармашылығыма пікір білдірген белгілі қаламгерлер Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Мырзагелді Кемел сынды ағаларыма алғысым шексіз. Қазақтың қара өлеңінің қадірін білген қалың оқырманға рахмет! – дейді жерлесіміз Динара Мәлікова.

Сырдан ұшқан қарлығаштың әлі де алар асуының биік екеніне бек сенімдіміз.

Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 831 0