ТАТАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Р.МИННИХАНОВ «БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНДЕ ЗЫМЫРАН ҰШЫРЫЛЫМЫН ТАМАШАЛАДЫ

«Байқоңыр» кешенінен «Союз МС-07» зымыраны ұшырылды. Зымыран ұшырылымына Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов бастаған делегация және Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері келіп тамашалады.
Құрметті қонақтар «Гагарин стартынан» зымыран ұшырылымын тамашалап, космодром мұражайына, С.П. Королев және Ю.А.Гагарин тұрған үйлерге барды, «Буран» орбиталық кемесі және Қорқыт Ата мемориалдық кешенімен танысты.
Қызылорда облысына арнайы келген Татарстан республикасының президентін облыс әкімі Қ.Көшербаев күтіп алып, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Қорқыт ата кешенімен таныстырды.
Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әсерімен бөлісті.
«Ең алдымен  баршаңызды Казакстанның  тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай мерекеде осы елде болғаныма қуаныштымын. «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Қорқыт Ата кешені үлкен әсер қалдырды. Мен Қазақстанға келсем, өзімнің бауырларыма келгендей сезімде боламын»,- деді ол.
«Союз» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына кезекті ұзақ мерзімді экспедицияға аттанған жаңа экипаж құрамын жеткізбек. Экипаж мүшелері - «Роскосмос» ұйымының ғарышкері, кеме командирі Антон Шкаплеров, «NASA» астронавты Скотт Тингл (АҚШ) және «JAXA» астронавты Норишиге Канаи (Жапония). Экспедицияның жоспарланған мерзімі – 122 тәулік.
Естеріңізге сала кетейік, Ғарыш аппараттарын ұшыру жоспарына сәйкес, желтоқсан айында «Байқоңыр» кешенінен 2 зымыран ұшырылатын болады: 17 желтоқсан күні – «Союз МС-07» кемесі мен «Союз-ФГ» зымыран-тасығышы және 26 желтоқсан күні Ангола мемлекетінің «Ангосат» байланыс спутнигі мен «Зенит» зымыран-тасығышы ғарышқа ұшады деп жоспарлануда.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 желтоксан 2017 г. 624 0