Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мерекелік шара еліміздің көкбайрағы ортаға әкелініп, әнұранымыздың шырқалуымен ашылды. Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиылғандарды ұлық мерекемен құттықтап, тәуелсіздік жылдарында еліміздің даму көрсеткішіне тоқталып, қол жеткізген жетістіктерімізді айтып өтті.
– Осыдан 26 жыл бұрын Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұланғайыр Қазақ жеріне орныққан Тәуелсіздік – бағасыз жеңіс, қайталанбас тарихи сәт. Қазақстан өз дербестігін алған осы жылдар ішінде ғасырға бергісіз жолды жүріп өтті, биік белестерді бағындырды, жемісті жетістіктерге жетті. Бүгінде бейбітшіліктің бесігіне, саяси тұрақтылықтың мекеніне айналған Қазақстан – алдына әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің құрамына енуді мақсат еткен іргелі мемлекет. Келесі жылы 20 жылдығын атап өтетін Тәуелсіздігіміздің символы, еуразия төсінде салынған жаңа елорда – Астанамыздағы «ЭКСПО – 2017» сынды аса беделді халықаралық көрме зор абыроймен атқарылды. Әрине, бұл – Тәуелсіздіктің, халқымыздың бірлігінің, Елбасының сарабдал саясатының жемісі.
26 жыл ішінде Ұлы дала елін ен жайлаған халық қандай жетістіктерге жетсе, Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті Сыр елі де өркенді даму жолында келеді,– деп аймақ басшысы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды және жиылғандарды еліміздің айтулы мерекесімен құттықтады.
Салтанатты жиында облыс әкімі еліміздің экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуына айрықша үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған бір топ азаматтарға «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын және Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасын табыстады. Сонымен бірге, шарада аймақтың екі азаматына, атап айтқанда, Нұрмұрат Ерманов пен белгілі математик Асқар Жұмаділдаевқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановты «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын алуымен құттықтап, құрмет иелерінің иықтарына шапан жапты.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Айнұр БАТТАЛОВА.